Медициналық орталық Сара Назарбаеваға қатысты сұраққа жауап берді

Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде Сара Назарбаеваға қатысты жауап берілді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
"Науқастың қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Пациент Ұлттық госпитальде ем қабылдап жатыр", – делінген Tengrinews.kz-ке берген жауапта.
Мекеме өкілдері Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 273-бабына сәйкес, диагнозға, денсаулық жағдайына қатысты мәліметтердің дәрігерлік құпия екенін айтты.
"Ақпаратты жарияламау туралы шешім науқастың жеке мүдделерін, оның жеке өміріне құрметпен қарау және емдеу процесіне ықтимал араласудан қорғау мақсатында қабылданды. Түсіністік пен медициналық этикаға құрметпен қарағандарыңыз үшін алғыс айтамыз", – делінген Ұлттық госпиталь хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Сәра Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпаратты Тұңғыш Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жоққа шығарған болатын.
Бұған дейін желіде Тұңғыш Президенттің жұбайы қайтыс болды деген ақпарат тараған еді. Онда Президент Іс басқармасына қарасты аурухана дәрігерлері оны жасанды тыныс алу аппаратынан ажырату туралы шешім қабылдады деген ақпарат та болған. Алайда Tengrinews.kz дереккөздері Сара Назарбаеваның қайтыс болғанын растамады.
Айта кетейік, Сәра Назарбаева Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы ауыр екені хабарланған.
Ұлттық госпиталь өкілдері "барлық медициналық шаралар бекітілген стандарттарға сай және білікті мамандардың бақылауымен жүргізіліп жатыр" деп мәлімдеді.
Сара Алпысқызы туралы не белгілі?
Сара Алпысқызы өмір бойы "нағыз бірінші ханым" атанған жоқ – Нұрсұлтан Назарбаев өмірлік серігінің бейнесін ел алдында көрсетуге ұмтылмады. Мәселен, 2015 жылы ол Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветамен кездесуге жұбайын емес, сол кездегі премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған үлкен қызы Дариғаны ертіп барған еді.
Сара Алпысқызының неге көзден таса болғаны кейін белгілі болды – Назарбаев бұл туралы өзінің кітабында жазған. Оның сөзінше, "жүрекке әмір жүрмейді – ол басқа адамды қалаған".
Сара Қонақаева 1941 жылдың ақпанында Қарағанды облысында дүниеге келген. 1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен отау құрған. Кейін ол "Бөбек" халықаралық балалар қайырымдылық қорын, "SOS – Қазақстанның балалар ауылдары" қорын құрды және еліміздің білім беру жүйесіне өзгерістер енгізуге тырысты. Оның бастамасымен мектептерде өзін-өзі тану пәні енгізілді. Алайда бұл идея кейіннен тоқтатылды.
Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie