Павлодарда тойға барған 50 адам уланып қалды

Павлодарда тойға барған 50 адам астан уланып қалды. Солардың 29-ына медициналық көмек қажет болған, деп хабарлайды Malim.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Қазір жартысы бактериялы ішек инфекциясы диагнозымен ауруханада жатыр. Жағдайлары орташа ауыр деңгейде. Той иелерінің айтуынша, салтанатты шарадан кейін өздерін жайсыз сезінген өзге қонақтардан да шағым түсіп жатыр.
Осы оқиғаға байланысты эпидемиологиялық тергеу басталды. Тамақ өнімдері мен судан сынамалар алынып, зертханалық сараптама тағайындалды. Ал мейрамхана қызметі уақытша тоқтатылды.
Бүкіл менің туыстарым, жақындарым, барлығы ауырып жатыр. Біз әр адамды уайымдап тұрмыз. Өзім шақырып, ол біздің туысқанымыз, ол жерде менің әкем жатыр, жақында инсульт болды ол кісіде. Сосын екіқабат құрбым жатыр. Одан кейін ағам бар, сахарный диабет ол кісіде. Басқа шетелден келген адамдар бар, басқа қаладан келген адамдар бар, – дейді қала тұрғыны Әзиза Исабай.
– Тексеру барысында мейрамхананың тамақтандыру бойынша қызметті жүзеге асыруға санитарлық-эпидемиологиялық рұқсатының жоқ екені белгілі болды. Сонымен қатар онда жұмыс істейтін жеті қызметкердің санитарлық кітапшасы болмай шықты. Тазалық нормаларын өрескел бұзған мекеменің қызметі уақытша тоқтатылды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар қабылданатын болады, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Ақылбекова.

Ең көп оқылған
