Қазақстандықтар енді зейнетақы қаражатына тісін емдете алмайды

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылғы 15 ақпандағы «Емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізуде. Жаңа түзетулерге сәйкес, стоматологиялық қызметтерге зейнетақы жинақтарын пайдалану толықтай тоқтатылады. Бұған дейін бұл шектеу уақытша шара ретінде жарияланған еді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомствоның түсіндіруінше, шешім көптеген азаматтардың зейнетақы қаражатын тіс емдеу қызметтерін желеу етіп заңсыз шешіп алуы салдарынан қабылданған.
«Жобаға сәйкес протездеу және имплантация секілді стоматологиялық қызметтерге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану нормасы алынып тасталады. Бұл шешім медициналық құжаттарды қолдан жасау және жинақтарды мақсатсыз пайдалану деректерінің көптеп анықталуымен байланысты», – делінген құжатта.
Министрлік мәліметінше, стоматологиялық қызметтерге жасалған өтінімдерді талдау барысында бірқатар клиника арқылы азаматтардың қаражаты алаяқтық жолмен шығарылған. Осыған байланысты 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап стоматологиялық көмекке зейнетақы есебінен төлем жасауға өтінім қабылдау тоқтатылды.
«Отбасы банкінің ақпараты бойынша, 2021 жылдан 2025 жылғы 20 тамызға дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек стоматологиялық қызмет мақсатына 757 миллиард теңге сомасына 795 424 транзакция жасалған. Оның 222 миллиард теңгеден астамы ірі 20 клиникаға аударылған. Бұл клиникалардың басым бөлігі Қазақстанның ірі қалаларында орналасқан», – деп хабарлады министрлік.
Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – қаражатты мақсатты әрі ашық пайдалануды қамтамасыз ету, дейді Денсаулық сақтау министрлігі.
Министрлік «Ашық НҚА» порталында стоматологиялық қызметтерді төлеу үшін зейнетақы төлемдерін пайдалану нормасын толық алып тастау туралы бұйрық жобасын жариялады. Құжат қоғамдық талқылауға шығарылды.
Бұған дейін Отбасы банк стоматологиялық қызметтерге өтінім қабылдау уақытша тоқтатылғанын хабарлаған болатын. Банк мұны қаражатты мақсатсыз пайдалану мен жалған құжат жасау фактілерінің көптігімен түсіндірді.
Күдікті схемалар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) бірқатар стоматологиялық клиникаларды тексеруді бастады. Әсіресе, Атыраудағы жеке клиникалардың әрекеті күмән туғызған.
Қазірдің өзінде Атырауда уақытша ұстау изоляторлары мен Экономикалық тергеу департаментінің автотұрақтары «стоматологиялық іс» бойынша күдіктілерге толып қалған. Қамауға алынғандар саны 50-ге жуықтады.
Еске салсақ, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігінің басшысы Жанат Еліманов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа зейнетақы жинақтарын заңсыз қолма-қол ету деректері туралы баяндаған еді. Агенттік стоматологиялық қызмет желеуімен Зейнетақы қорынан 200 миллиард теңге негізсіз шешілгенін анықтады. Қаражат жеке клиникалар арқылы жалған схемалармен шығарылған.
Фото:depositphotos.com