Бозжырада визит-орталық салынады: экологтар не дейді?
Malim.kz редакциясы эколог мамандардың пікірін білді

Маңғыстау облысындағы әйгілі "Бозжыра" шатқалында визит-орталық салынады. Экологтар бұл шешім туралы не дейді? Malim.kz редакциясы мамандардың пікірін білді.
Кәсіби эколог, тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Мәлікова Бозжыра маңында визит-орталықтың салынуын құптайды. Себебі аймақта туристер үшін жағдай қарастырылмаған.
«Мен өзім эколог ретінде Бозжыра шатқалына арнайылап барған болатынмын. Жалпы, визит-оратлық ол маңға керек және оның орналасқан жері Бозжыра шатқалынан алыс, жолдың бойында болғандықтан шатқалға айтарлықтай әсері болмайды. Шатқалға бару үшін Ақтаудан шамамен 5 сағаттай жол жүріп барасыз. Бұл орталық шатқалдың үстіне емес, барар жолға, кіреберіске қарай салынады. Өйткені, ол жақта саяхаттап барған туристер үшін дәретхана салынбаған. Тамақ ішіп, бел жазатын орындар да жоқ. Меніңше, туризмді дамыту үшін осындай нысандар бой көтергені жөн», -дейді Лаура Мәлікова.
Ал эколог Шасалим Шагалимов Бозжырадағы құрылыстан қалатын қалдыққа қатты алаңдайтынын айтты.
«Білесіз бе, бір жағынан бұл өте керемет идея, әрине, Қазақстанның әсем табиғатын көрсетуіміз керек, бірақ мәселе онда емес. Құрылыс салынып жатқанда жер тегістеледі. Құрылыстан қалған қалдықты ешкім жақын маңайдағы қоқыс полигонына жеткізбейді, сол жерлерде көміп тастай салады. Осы мәселе алаңдатады. Экожүйе мәселесі де бар. Онда кәріз жүйесі емес, септик болады. Оның түріне де байланысты. Бұл да жақсы емес. Орталық салынған жерде міндетті түрді ауқаттанатын жер болады - мейрамханалар, кафелер. Ондай жерлерде бір рет пайдаланылатын ыдыстар болады. Оның бәрі ұшып, қоқыстанады. Әрине, екідайлы көзқарастамын. Салынған дұрыс, бір жағынан бақылау болады. Бірақ оның қалай салынғаны маңызды», - дейді ол.
Сонымен қатар, биыл Маңғыстау облысындағы Бозжыра мен Айрықты шатқалында екі қонақүй салынбақ. Осылайша бірнеше жыл бұрын халық қарсылығына байланысты тоқтап қалған жоба қайта жаңғыртылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтқан еді. Лаура Мәлікова бұл жоба бойынша экологиялық талаптар сақталмағанын айтып отыр.
«Қонақүйге келетін болсақ, жақында жобаның авторлары қоғамдық тыңдау өткізіпті. Бірақ, ол туралы жарияланым ешқайда шықпаған. Ол негізі ecoportal.kz сайтына жариялану керек еді. Қоршаған ортаны бағалау жобасы болуға тиіс болатын. Мұндай қоғамдық тыңдау экологиялық кодекске қайшы. Егер қонақүй шатқалдың үстіне салынатын болса Бозжыраның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді. Мұндай жобалар жергілікті ландшафтқа, ол жердің биоалуандығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Шатқалға ойын-сауық бағытындағы нысандар салынатын сияқты. Дегенмен, бұл экологиялық туризм негіздеріне сәйкес келмейді», -дейді эколог.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысындағы әйгілі «Бозжыра» шатқалында жаңа туристік жобаның іргетасы қаланатыны мәлім болған еді. Жобада туристерге арналған орталық, этно-кафе және 17 глэмпинг павильоны мен 50 қонақүй бөлмесі бар кешен қарастырылған.
Кешен құрылысы отандық «Pana Asia» ЖШС-нің жеке инвестициясы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Визит-орталық 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Фото: advantour.com