Эколог Лаура Мәлікова: АЭС-ті экологиялық энергия көзі деп бағалауға болмайды

Атом электр стансасы салынар болса, Қазақстанда тағы бір «Қошқар ата» полигоны пайда болуы мүмкін.

Олжас Қасым

  • 31.07.2024

Елімізде ғана емес, әлемде экология мәселесі күрделеніп барады. Әсіресе, ауа, су сапасы жеке зерттеуді қажет ететін ауқымды проблема. Қазақстанның ірі мегаполистері Астана мен Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау қалалары әлемдегі ең лас 100 шаһардың қатарына енгені айтылып қалады. Атмосфераның қандай себептерге байланысты бүлінеді? Зиянды кеселден құтылудың жолдары бар ма? АЭС салу еліміздің экологиясына қаншалықты әсер етеді? Malim.kz тілшісі осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының» басшысы Лаура Мәліковамен сұхбаттасқан еді.

Сапасыз көмір жағып отырмыз

- 2020-2023 жылдар аралығында Орталық Азия шеңберінде ауа сапасы бойынша зерттеумен айналыстыңыз. Елімізде қай қалалардың атмосферасы қатты ластанған деп айтар едіңіз? Негізгі себептері қандай?

- «Қазгидромет» дерегінше, еліміздің кем дегенде 10 қаласында ауа сапасы талапқа сай емес. Мысалы, Атырау, Өскемен шаһарларында зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның әсерінен түрлі аурулар туындайды. Атырауда түсік тастаған әйелдер көбейген. Ал өскемендіктердің дабыл қағып, тамақтың химиялық күюі деген жаңа диагноз қоюды талап етуі бекер емес. Басқа да факторлар бар. Мәселен, елімізде қыс айлары суық болып келетіні белгілі. Жылу электр станцияларының көбі көмірді қолданады. Оның өзінде, сапасыз түрін пайдаланады. Айталық, біздің елде өндірілетін Шұбаркөл көмірі бар. Оның күлділігі 13 пайыз ғана. Бірақ оны Украина, Қырғызстан секілді мемлекеттерге экспорттаймыз. Ал, ең назар, сыртқы нарықта ешкім сатып алмайтын Екібастұз көмірін Астана, Алматы сияқты қалаларда пайдаланады. Сапасыз көмір жағып отырмыз. Жылыту маусымында осындай көмірден PM 2,5 заттар PM 10 ластаушы қатты бөлшектер бөлініп, ауаға тарайды. Соның кесірінен демікпе, аллергия сияқты аурулар өршіп тұр. Жалпы, орталық, солтүстік, шығыс өңірлерде және Алматы қаласында ауаның ластануының басты көзі – көмірді тұтыну. Сондықтан, біртіндеп көмірден газға көшу қажет.

Алматының ауасын көліктер ластап жатыр деген сөз – миф
- Алматыны айтып қалдыңыз. Қаланың экология департаменті өкілдері «жылынаауаға 127 мың тонна зиянды зат көліктерден бөлінеді. Соның 55 пайызы немесе 70 мың тоннасы көліктерге тиесілі. Кәсіпорындардың үлесі 46 пайыз» деп жүр. Бұл пікір қаншалықты рас?

- Алматы әкімдігі мен экология департаменті мегаполистің ауасын автомобильдер ластап жатыр дейді. Бұл – миф. Ол қайдан пайда болды?

Экологиялық кодекстің аясында шекті шығарындылардың жиынтық томы деген құжат бар. Оны қала деңгейінде әкімдік жобалық компанияларды келісімшартпен ақылы түрде жасауға тиісті. Олар көліктерден, жеке тұрғын үйлерден, Жылу электр стансаларынан шығып жатқан ластаушы заттардың көлемін есептейді. Яғни, күкірт, азот оксиді, ароматикалық, көмірден шығатын қатты ластаушы заттар бар. Барлығын алады да бір жерге қосып есептейді.

Негізі, әрқайсысын жеке-жеке есептеу керек. Сөйтеді де үшеуін бір бірімен салыстырады. Қараған кезде жылдық тоннасына байланысты автомобиль ластаушы заттарды ең көп бөледі деген қорытындыға келеді. Ол әдіс дұрыс емес. Ауаның ластануын айтқанда қандай заттар зиянын тигізіп жатқанына назар аударуымыз қажет. Мәселен, атмосфера қатты бөлшек PM 2,5-пен немесе күкірт, азот оксидімен ластанып жатыр деп нақты баға берілгені жөн. Қазір жазғы уақыт. Қыспен салыстырғанда, жолда көлік көп. Ал сонда неліктен қыстағыдай мұнар, түтін жоқ. Себебі, ЖЭС-тар, жеке үйлер қыс мезгіліндегідей көмірді көп жақпайды. Салыстырмалы түрде жазда ластаушы заттар азаяды.

Сондықтан, қоршаған ортаны құртып жатқан негізгі зат – көмір. Автокөлік атмосфераны бүлдіріп отыр деген сөз – көмір бизнесімен айналысатын лоббистердің ойлап тапқан өтірігі. Соның кесірінен Алматы толығымен газға қосыла алмай келеді. Негізі әр ластаушы заттың түрі айтылуға тиіс.

Жаңа экологиялық кодекстің аясында ауаны ең көп ластайтын 50 ірі компания анықталды. Олар 2025 жылдан бастап міндетті түрде ең озық технологияларды енгізу арқылы ауаға және суға шығатын зиянды заттарды, қалдықтарды азайтуы қажет.

- Көмірден құтылудың бір жолы АЭС екені белгілі. Елімізде Атом электр станциясын салу бойынша биыл күзде референдум өтеді. Жалпы, Қазақстан АЭС салған жағдайда экологиялық тұрғыда неге мән беруі керек?

                                          (Фото: pixabay.com)

- Атом электр стансасын Еуропа елдері жасыл энергияның бір түрі деп қарастырады. Себебі, одан ластаушы заттар шықпайды. Бірақ, оның радиациялық қалдықтары қоршаған ортаға кері әсер етеді. Егер АЭС салсақ, радиациялық қалдықтарды дұрыс басқару керек? Маңғыстау облысындағы Қошқар ата жерін білесіздер. Кезінде ол аймақта әскери мақсаттағы мекеме болған. Қошқар атаға радиациялық қалдықтар төгіліп, табиғатқа орасан зор зиян келтірді. Қоқыс алаңының шаңы көтеріліп, улы ауамен тыныстаған халық онкологиялық ауруларға шалдығып отыр. Сондықтан, АЭС-ті экологиялық энергия көзі деп бағалауға болмайды. Қалдықтар мәселесі елімізде әлі шешілмеген. Мәселен, әлемдегі ең озық тәжірибе Франция елінде. Олар негізгі қуатты атом энергиясынан алады. Француздар бір рет қолданылған уран мен плутонийді қайта пайдаланып отыр. Осындай әдісті бізге де жүзеге асырған жөн. АЭС-тен шыққан қалдықтар 500 метр тереңдіктегі жерге көміледі. Демек, атом электр стансасы салынар болса, Қазақстанда тағы бір «Қошқар ата» полигоны пайда болуы мүмкін.

                                                          (Dzen.tu)

Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. Бірақ, уран өндіретін кен орындарының көбіндегі бақылау пакеті ресейлік компанияларға тиесілі. Сондықтан, «уранымыз бар» деп заңдық тұрғыда айта алмаймыз. Ол кеніштер Қазақстанда орналасқанымен біздікі емес.

- Эколог ретінде жауапты министрлікке талап-ұсыныстарыңызды жеткізе алып жатырсыздар ма? Олар сын-пікірді қалай қабылдайды?

- Мемлекеттік қызметтің стандарттарын қайта қарастыратын кез жетті деп ойлаймын. Мүмкін ведомство басшыларына эмоцияларын басқару жайлы тренинг өткізу керек шығар. Мысалы, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев сынды қабылдай алмайды. Кезінде дұрыс жұмыс істей алмаған адамды өзінің кеңесшісі қылып алып, оны «Қазгидрометке» қаржыгер етіп тіркеген. Менің білуімше, министрлердің кеңесшілері жалақы алмайды. Сондықтан, айлығын төлеу үшін «Қазгидрометке» кіргізген. Ол адам үнемі министрлікте жүретін. Осы мәселені айтып едім өкпесі қара қазандай болды. Бізде мемлекеттік қызметке барған азаматтар қоғамдық бақылау мен талапты тыңдауға дайын емес. Олар өзінің бағыты 20 миллион халыққа қызмет етуі керек. Жұмыс болған соң келіспеушілік, сын, талқы болады. Соған мемқызметкер психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Өкінішке қарай, министрлікке өзін жақсы көретін адамдар барып алып, сынай қалсаң сені сыртқа тебеді.

2007 жылы күшін жойған заңмен маман дайындап жатқан университеттер бар.

- Мәселенің бір шешімі кәсіби экологтарды даярлау. Университеттерді бітіріп шыққан мамандар қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай ма?

- Мен бірнеше оқу орнының бағдарламаларын, онда қандай курстар жүргізілетіні, қандай әдебиеттерді қолданатыны бойынша бағалау жұмысына қатыстым. Сол кезде университеттер мен институттардың басым бөлігінің еңбек нарығындағы өзгерістерге реакция білдірмейтінін байқадым. Екеуінің арасында байланыс жоқ. Тіпті бір университеттің эколог даярлайтын оқу бағдарламасын бағалау барысында 2007 жылы күшін жойған «Қоршаған ортаны қорғау заңын» қолданатынын көріп таңғалдым. Олар сол заң бойынша мамандар дайындап жатыр екен. Осыны ескере келе, Ғылым және жоғары білім министрлігіне хат жібердік. Университтердің өкілдерімен онлайн жиналыс өткіздік. Бірақ олардың көбі инженерлік бағытта оқытпайтындықтан, еңбек нарығына сәйкес, оқу бағдарламаларын қайта қарауға қарсылық танытты. Себебі, білім ордаларында жалақы сағатпен төленетіндіктен, айлығын сақтап қалғысы келеді. Ақыры, бізбен келіскен техникалық оқу орындары өзгерістерді назарға алып, инженерлік бағытта экологтар дайындай бастады. Келіспегендері сол күйінде қалды.

2018 жылғы ресми дерек бойынша, қазақстандық жоғарғы оқу орындары 3000-ға жуық эколог даярлап шығарады. Бірақ олардың көпшілігі инженерлік емес, табиғи бағытта сабақ береді. Ал еңбек нарығында өндірісті білетін экологтар керек. Ондай мамандарды оқытатын 3-4 университет қана бар. 2020 жылдан бері «Жас эколог» деген бағдарламаны іске қосып, 50-ден астам маманды еңбек нарығына бейімдеп келеміз.

- Мемлекеттік деңгейде заң шығаруда, шешім қабылдауда экологтардың мүддесі ескеріле ме?

- Біздің негізгі мақсатымыздың бірі – экология саласындағы заң сапасын жақсарту. 2021 жылы жаңа экологиялық кодексті қабылдаған кезде экологтардың басым көпшілігі қатысқан жоқ, тіпті білмеді де. Шенеуніктер өздері ғана жиналып, қабылдай салды. Басқа бұйрықтарды алсақ та, экологтармен ақылдаспай, білгенін істейді. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін кәсіби мамандардың басын қостым. Соның нәтижесінде, қоғамдық негізде жаңа экологиялық кодекстің жазылуына тікелей қатыстық. 35-ке жуық норманың авторымыз. Өндірістік мекемелердің экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған нормалар, оның ішінде жер телімдерін бөлу, тапсыратын есептері, оларға салынатын айыппұл мөлшері бойынша нормаларды ұсынған болатынбыз. Оның басым бөлігі қабылданды. Осы салада жұмыс істеп жатқан «Ecojer», «KazWaste» ассоциациялар бар. Бұлар бизнестің, атап айтқанда ластаушылардың сойылын соғады.

- Әңгімеңізге рақмет.

Фото: livingasia.online

Байланысты жаналықтар

Халықтық штаб мүшелері АЭС-тің мүмкіндіктерін түсіндірді

10.09.2024

Табиғатты ластаған кәсіпорынға 2,9 млрд айыппұл салынды

06.09.2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылды

05.09.2024

АЭС бойынша референдумға қанша қаржы жұмсалады?

04.09.2024

Тоқаев АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды

02.09.2024

Ерлан Қарин: Жолдау елді дамытудың стратегиялық мақсаттарына арналды

02.09.2024
MalimBlocks
Халықтық штаб мүшелері АЭС-тің мүмкіндіктерін түсіндірді

Бірнеше жаңа жұмыс орны құрылады

Табиғатты ластаған кәсіпорынға 2,9 млрд айыппұл салынды

Кәсіпорын міндетті экологиялық рұқсат алмай жұмыс жасаған

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылды

Штаб мүшелері атом энергетикасының артықшылықтары мен қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді

АЭС бойынша референдумға қанша қаржы жұмсалады?

Бұл сома 63 елде орналасқан және ашылған 78 шетелдік сайлау учаскелерінде референдум ұйымдастыруды және өткізуді қамтиды

Тоқаев АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды

Ерлан Қарин: Жолдау елді дамытудың стратегиялық мақсаттарына арналды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауына қатысты Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Telegram каналында пікір білдірді