Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар аталды
Еліміздің оңтүстігінде Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, елдің батысындағы БҚО, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында тасқын қаупі жоғары аймақтарды атады.
11 наурыздағы жағдай бойынша, ел аумағының 71 пайызы қар жамылған. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 15 пайызға аз. Еліміздің оңтүстігінде Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, елдің батысындағы БҚО, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр. Наурыз айында температураның көтерілуі мен жаңбыр жауған жағдайда тау өзендерінде еріген қар суының әсерінен жоғары тасқын жүруі мүмкін, - деді ол.
Айтуынша, орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар әлі қалыңдап жатыр.
Наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі есе және одан да көп түседі деп күтілуде. Мысалы, Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бірінші онкүндікте ғана түсіп үлгерді.
Наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылырақ болады деп күтілуде, сондай-ақ еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді, - деді Ерлан Нысанбаев.
Министрдің сөзінше, тасқын қауіпі жоғары аймақтар мыналар: Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары.
Қауіптілігі орташа аймақтар: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.
Қауіптілігі төмен аймақтар: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
Фото: ТЖМ