50 мың шағын несие 500 мың адамды жұмыспен қамтиды
Әлімсақтан белгілі қағида бар: «Берсең – аласың, ексең – орасың». Бұл қағида, әрине, қазіргі ауыл шаруашылығы саласына бірден бір қатысты сөз. «Ексең – орасың» дегені былай да түсінікті, бірақ, шағын және орта бизнесті қолдау, тіршілік істеймін деген адамдарға демеу беру, аяғынан тұрып кетуіне көмектесу мәселесі жиі сөз болып тұрған уақытта «берсең – аласың» деген сөздің де маңызы арта түседі. Егер, мемлекеттің экономикалық жағдайы жекелеген азаматтардың, жалпы тұрғындардың хал-ахуалымен өлшенетінін ескерсек, мемлекеттің мығымдығы азаматтарға мүмкіндік берумен де өлшенеді. Әсіресе, көптеген елдер коронавирус пандемиясы салдарынан экономикалық-әлеуметтік ахуалын әлсіретіп алған сын сағатта әр ел азаматтары үшін мемлекеттің қолдауы ауадай қажет.
Ерекше айта кетер бір жайт, ауыл шаруашылығы - Қазақстан экономикасының негізгі тірегінің бірі. Тіпті, басты тірегі деуге де болады. Сол себепті, ауыл шаруашылығы саласын заманауиландыру, жаңа техникалармен қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп саласын дамыту ешқашан басты назардан түспеу керек. Ауыл шарашылығы министрлігінің есебіне қарасақ, коронавирус пандемиясына қарамастан, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ауыл тұрғындары мен шағын және орта бизнес өкілдерін несиелендіру мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап жатыр. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте коронавирус пандемиясына қарамастан республиканың агроөнеркәсіп кешені 2020 жылы барлық көрсеткіштер бойынша өскен. Мәселен, ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,6 пайызға артқан. Бұл теңгеге шаққанда 6,3 триллионды құрайды. Ведомство өкілдерінің бірі Ауыл шаруашылығы министрлігі стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің басшысы Сәуле Молдабаеваның айтуынша, бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы ең жоғары өсім көрсеткіші екен. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп келеді деуге болады. Мәселен, пандемиядан бұрын, алдыңғы жылы азық-түлік өндірісі 4 пайызға, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар ағыны 15 пайызға, ал тамақ өнімдері өндірісі 13,5 пайызға өсіпті. Демек, қиын жағдай туған кезде де динамика жоғалмаған. Олай болмас жөні де жоқ, өйткені, көптеген кәсіпкерлер пандемия басталғалы бері шаруасын шайқалтып алды. Бұл, әрине ел басына күн туған шақта, болуы заңды нәрсе. Дегенмен, коронавирус та кетер, сол кезде, шаруалардың бәрі жүген ұстап қалмау үшін, қазіргі қолдаудың маңызы зор. Бүгін шаруаға жасаған жақсылығың күні ертең бюджетке еселеп қайтатынын ескерсек, біз жоғарыда айтқан «берсең – аласың» деген сөздің мәні ашыла түседі.
Енді, брифингте айтылған мәліметтерге сүйене отырып, алда атқарылар шаруалар жайына аз-кем тоқталсақ. Алдағы уақытта бұл өсім динамикасын сақтау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі алдына агрөөнеркәсіп кешенінің еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыруды, өңделген өнім экспортын 2 есе ұлғайтуды, 80 пайыздаан астам азық-түлік тауарларымен ішкі нарықты толықтыру муралы мақсат қойып отыр. Оның сыртында, ауылда тұратын 1 миллион тұрғынның табысын тұрақты түрде көтеріп отыруды міндетіне алып отыр.
«Осы міндеттерге сәйкес, министрлік агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тиімділігін жақсарту жұмысын жүргізіп отыр. Ауыл кәсіпкерлеріне шағын несие беру жалғасады. 2020 жылы ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыруға жалпы сомасы 43,2 млрд теңге болатын 11 мыңнан астам шағын несие берілді. Бұл қаржының 60%-ын ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер алды. Жалпы, шағын несиелендіру бағдарламасы бір жыл ішінде ауылдарда 11 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Алдағы 5 жылда жалпы сомасы 250 млрд теңге болатын тағы 50 мың шағын несие беру жоспарланып отыр», - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің басшысы Сәуле Молдабаева.
Бұған қоса, тағы айта кететін жайт, шағын және орта фермерлер үшін субсидиялардың қолжетімділік шегі өзгерген, оның сыртында базалық бағыттар бойынша субсидиялау көлемі де ұлғайған.
Ауыл шаруашылығын дамыту үшін заманауи техниканың атқарар ролі де зор екені белгілі. Қазіргі атқарылып жатқан шаруалардың көпшілігі осы мәселені қамтуға арналған. Өйткені, техникаң дамымай, өнімің де өсе қоймайды. Баяғыдай қолмен орып, арбамен таситын заман өткен. Жоғарыда аталған қолдаулардың нәтижесінде 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту һәм жаңғырту 1,5 есеге артпақ. Бұл, әлбетте, әзірге болжам. Шаруаның жүруі, алқаптың мол өнім беруі техникаға ғана емес, жердің бабына байланысты екенін ескерсек, минералды тыңайтқыштардың да орны ерекше. Алдағы уақытта минералды тыңайтқыштарды қолдану мен жоғары сапалы тұқым сатып алудың көлемі ұлғаяды. Әрине, бұл да жоғарыда аталған қолдаулардың бір нәтижесі болатыны анық.
Ауыл шаруашылығы саласында жүрген кәсіп иелері мен шаруашылық өкілдерінің қолын байлап, жолын бөгейтін тағы бір мәселе –с убсидиялар мен несиелердің қол жетімсіздігі. Бюрократиялық кедергілер мен қағазбастылық мәселесі шаруа адамы үшін үлкен мәселе. Қаншама уақыт кетеді, өзге шаруаны бөгеп қояды дегендей. Қолына қаудырлатып қағаздарын ұстап алып, есік тоздырып жүргенде, егіні күйіп, малы арықтап кетуі мүмкін ғой. Сол себепті, брифингте осындай кедергілерді жою үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қаржыландыруды оңтайландыру мәселесі де сөз болды. Ол үшін екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан даму банкі арқылы ауыл шаруашылығы секторына несие беру мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып жатыр екен.
Ауыл шаруашылығы – ата кәсіп деп қанша жерден ұрандатып баққанмен, бұл шаруашылықпен жастар айналыспаса, ертеңі бұлыңғыр. Бір кездері, жұрт жаппай қалаға көшіп, ауылды бос қалдырған кезде қамшы ұстар ұл қалмай қала ма деп уайымдаған қазақ, қазір, жастардың шаруашылыққа мойын бұрып, бос қалған өрісті толтырып, пайдаланылмай тұрған қора-жайдың тіршілігіне қан жүгірте бастағанда «е, бәсе» деп бір қуанған. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығымен айналысам деген жастарға қолдау көрсету де аса маңызды. Осыған орай, аталмыш министрлік ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды кеңейтуді және ауыл шаруашылығы саласында жүрген іскер жастарға арналған жобаларды іске асыру үшін арнайы гранттар бөлу мүмкіндігін қарастырып көрмек. Егер, бұл жоспарлағандай іске асса, екі ойлы болып жүрген біраз жас осы салаға түбегейлі ауысып кетуі ғажап емес. Мұның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосар үлесі орасан. Өйткені, жастар біріншіден заманауи техникаларды тез меңгереді әрі жаңалыққа құштар, екіншіден, олар бүгінін ғана емес, ертеңін, болашағын ойлап, ұзақ мерзімді жоспар құруға талпынады.
Осы мақсатта бұрыннан іске асып келе жатқан бизнес ашуға қолдау ретінде жеңілдетілген пайыздық көрсеткішпен берілетін несие алдағы уақытта да жалғасын табады. Өткен жылы ауыл шаруашлығында жүрген кәсіпкерлерді қаржыландыруға 11 мыңнан астам несие беріліп, 43,2 миллиард теңге бөлінген. Ерекше айта кетерлігі бұл қаржының 60 пайызын біз айтқан жаңа кәсіпкерлер, яғни, бизнесін жаңадан бастаған шаруалар алған. Бұл алдағы уақытта қалай жалғасады? Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің басшысы Сәуле Молдабаева былай дейді:
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына қойылған нақты міндеттерді орындау 2025 жылға дейін АӨК-дегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге, өнім экспортын және ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің табысын 2 есеге арттыруға, сондай-ақ салаға 4,1 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді».
Сонда, алдағы бес жылда жалпы құны 250 млрд теңге болатын 50 мың шағын несие беріледі деген сөз. Бұл тең жекелеген шаруалардың кәсібін алға жылжытып қана қоймайды, қаншама жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді...