Әлемдік нарықта арпа-бидай бағасы өсіп келеді
Бұл отандық өндірушілерге қолайлы жағдай туғызып отыр
Биыл шілдеде егін жинау жұмыстары басталғаннан бері, Қара теңіздегі ресейлік бидайдың экспорттық бағасы Халықаралық астық кеңесінің мәліметі бойынша 216 долларға бағаланды. Бұл логистика құнын ($90/т) алып тастағанда, қазақстандық бидайдың бағасы 61 мың теңге/т болды деген сөз. Алайда Қара теңіздегі бидайдың бағасы тоннасына 250 долларға дейін немесе теңгемен есептегенде 78 мың теңге/тоннаға дейін өсті, деп хабарлайды Malim.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, экспорттық бағадан кейін Ресей нарығындағы бағалар қымбаттады. Қазір Омбы облысында 23% клейковинасы бар 3-сыныпты бидайдың бағасы 14,5 мың рубль/т құрайды. Көлік шығындарын (2 мың рубль/тонна), кіріс ҚҚС төлеуді ескере отырып, Көкшетаудағы ресейлік бидайдың бағасы 84 мың теңге/тоннаны құрайды.
Қазіргі қазақстандық баға 74-81 мың теңге/тонна болып тұрған шақта отандық өндірушілер қолайлы бәсекелестік жағдайға ие болып отыр.
Орталық Азия елдерінің сатып алушыларының ұсынысы қазір ресейлік баға деңгейіне негізделген 65-70 мың теңге/тонна деңгейінде. Бұл ретте, 23% клейковинасы бар бидай үшін 75 мың теңге/тоннаға дейін өсуге мүмкіндік бар.
Осыған ұқсас жағдай арпа бойынша да қалыптасып отын. Қара теңіздегі экспорттық арпаның қазіргі бағасы 206 долларға дейін көтерілді және одан әрі өсу тенденциясы сақталып келеді. Бұл ретте қазақстандық арпа қазір Ақтау портында 165-168 доллар/т тұрады. Сондай-ақ, кем дегенде 175-185 доллар/т деңгейіне дейін өсуге мүмкіндік бар. Бұл жағдайда арпа бағасы тоннасына 47-50 мың теңге/тоннадан кем дегенде 55-60 мың теңгеге дейін көтеріледі.
Фото: АШМ