Алматы Индустриалды аймағы - тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін
Арнаулы аймақта 2,9 мың адам жұмыспен қамтылған.

Алматы қаласында жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында Алматы Индустриалды аймағы құрылғаны белгілі. Бұл аймақтың негізгі бір бағыты қаладағы өнеркәсіптің машина жасау, тамақ, жеңіл, фармацевтика, химия өнеркәсібі, логистика, құрылыс материалдарының өндірісі сияқты басым салаларды дамыту мақсатын көздейді.
Жалпы, Алматы қаласында тұрғындардың көп екенін ескерсек, тұрғын аудандардан өнеркәсіптік аймақтарды алысырақ орналастыру да қазір қолға алынып жатқан негізгі мәселенің бірі. Индустриялық аумақты құрудағы тағы бір мақсат та осы – өнеркәсіп кәсіпорындарын қаланың тұрғын ауданынан басқа жаққа қайта орналастыруға, технологиялық, инновациялық өнімдер шығаруға, импортты ауыстыруға бағытталған инвестициялық жобаларға басымдық беру. Бұл аймақта бизнес пен өнеркәсіпке және жұмыскерлерге барлық ыңғайлы жағдай жасалуға тиіс. Инфрақұрылым толықтай жолға қойылып, кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды газбен, сумен қамтамасыз ету, электр энергиясы, кәріз құбыры, нөсер кәрізі, интернет, кабельдік телефония, жол желісі тарту және ең үлкен жаңалық «Индустриалды» деп аталатын жеке теміржол станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл орасан жоба іске қосылғанда, Алматының тұрғындарына ешқандай кедергі келтірмейтін, экологияға мейлінше аз әсер ететін үлкен аудан пайда болады. Бұл ауданды құрудағы негізгі мақсат – Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлерді дамыту, қаланы дамыту бағдарламаларын түгел қамтиды деп айтуға да болады.
Бұл аймақта қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқан бірқатар кәсіпорындар бар. Солардың бірі Teplostil ЖШС қасбеттік жылу панелінің өндірісі зауыты. Бұл өндіріс орны жыл сайын 240 000 шаршы метр жылуы бар қасбеттік жылу панелін және күшейтілген полистирол көбіктен жасалатын сәндік бұйымдар шығарады. Бұл кәсіпорында қазіргі таңда 30 адам жұмыс істеп жатыр, ал, зауыттың жалпы құны 800 миллион теңгені құрайды.
Одан кейін бұл аймақтағы үлкен кәсіпорын – «Hyundai Trans Kazakhstan» автокөлік құралдарын өндіретін зауыт. Бұл кәсіпорынның биылғы жаңалығы – Hyundai Bayon ықшам қалалық кроссоверінің пилоттық партиясын шығаруға кіріскені. Зауыт автокөлік шанағын дәнекерлеп, бояумен айналысады. Hyundai маркасының 10 үлгісін – Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Tucson, Staria, i30, Bayon, Tucson, Accent үлгілерін шығарады. Бұл алып зауыт қазір 800-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 45 мың бірлік автокөлік құралдарын құрастырып шығады.
Азық-түлік бағыты бойынша құрылған «Бижан» ЕӨЗ» ЖШС да осы аймақта өз кәсібін сәтті жүргізіп жатқан зауыт. 5 мың тоннадан астам ет өңдейтін кәсіпорын 250 адамды жұмыспен қамтып отыр және шұжық өнімдері мен жартылай жайын өнімдердің 100-ден астам түрін шығарады.
Келесі зауыт – «Әлмерек» медициналық бұйымдарының өндірісі бойынша жұмыс істеп жатқан зауыт. Бұл зауыт та қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі уақытта 50 жұмыс орнын құрып қойған кәсіпорын негізінен бір рет қолданылатын медициналық бұйымдарды шығарумен айналысады. Бұл зауыттың басты ерекшелігі – өнімін экспортқа шығару мақсатын ұстанады.. Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын зауыт Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің нарығына шығуды көздеп отыр. Бір жылда 28 миллион бірлік өнім шығаратын кәсіпорын алдағы уақытта қарқынын арттыра түсеміз дейді.
Біз тоқталмақ келесі кешен – «Ala Estate» өнеркәсіптік паркі. Бұл кәсіпорында бөлмеаралық, яғни ішкі есіктер және кондитерлік өнімдер жасалады. «LePorte M» ЖШС және «Абсолют Флор» ЖШС және «Qulpinay» ЖШС кондитерлік компаниясы орналастырылған бұл индустриялық паркінің ауданы 4,3 мың шаршы метр. Оның әр бөлігін шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдетілген бағамен жалға береді. Мәселен, әр метрге 1200 теңгеден бекітілген баға Алматының басқа ешқандай аймағында жоқ және дайын инфрақұрылым, дайын өндірістік үй-жай. Бұл парк толық қолданысқа берілгеннен бастап 140-тан астам жаңа жұмыс орнын құрылады деп отыр.
Жалпы, қазіргі таңда Алматы Индустриалды аймағына қызығушылық зор. Қазірдің өзінде бұл аймақта инвестициясы 119,8 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба іске қосылып үлгерген. 647,5 миллиард теңгелік өнім өндіріліп үлгерген және бюджетке 20,7 миллиард теңге салық төленген. Бұл қай жағынан алып қарасаңыз да, елдің дамуы үшін аз үлес емес. Оның үстіне, мұнда қаланы дамыту үшін 2 913 адам жұмыспен қамтылып үлгерген. Одан бөлек, бұл аймақтың – қаланы жүйелеудің, жан-жақты дамытудың ерекше үлгісі екенін де айта кету керек. Биылғы жыл соңына дейінгі жоспар бойынша тағы да 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрайтын бірнеше шағын және орта кәсіпкерлікке негізделген өндіріс орындарын ашылмақ.