Доллар арзандады, заттың бағасы неге қымбат?

Дотация берілген әлеуметтік аса маңызы бар тауарлардың бағасын мемлекет арзандата алады

Malim Админ

  • 02.04.2022

Ресей-Украина арасындағы соғыстың салқыны әлем экономикасына әсер етті. Әсіресе көршілес елдерге зардабы қатты білінді. Соғыс өрті алғаш тұтанған күннен бастап, елімізде доллар бағасы күн сайын өсіп, 1 доллардың құны 520 теңгеге дейін жетті. Бұған қоса, барлық тауардың бағасы шарықтап шыға келді. Алайда соңғы бір-екі күн ішінде доллар бағасы қайта 460 теңгеге дейін түсті. Бірақ зат бағасы түсетін емес. Бұл мәселелердің мән-жайын сарапшы мамандардан сұрап көрген едік.


Тілші: Өздеріңізге белгілі доллардың бағасы көтеріліп еді, әдеттегідей барлық тауардың бағасы қымбаттап кетті. Қазір доллар арзандады, бірақ тауардың бағасы бір тиын түскен жоқ. Бұл қалай реттеледі? 

Досбол СОЦИАЛХАН, экономист:
– Доллардың бағасы сәл түсті. Бұған себеп болып отырған соғысып жатқан Ресей мен Украин қос тарабы келіссөз үстеліне отыра бастауы – нарыққа сенім берген болуы керек. «Жағдай тұрақталып келеді, бейбітшілік орнайды» деген көңіл-күй доллар бағасын соғыс басталған кездегі көрсеткішіне түсірді. Ал «заттың бағасы неге түспейді?» дегенге келсек, қазір доллармен бағаланған заттардың да бағасы түсе қоймады. Ол түсе қоюды да екіталай. Өйткені АҚШ-тың өзінде инфляция 8 %-ке жетті. Яғни доллардың сатып алу қауқары әлсіреп барады. Сондықтан жалпы тауардың бағасы қайта түспейді. Экономикада «төмендеуге қарсылық» деген түсінік бар. Мысалы еңбек ақыны көтеру оңай, түсіру қиын. Егер әлеуметтік және жәрдемақыны түсірсең не болатынын ойлай беріңіз. Сол секілді тауардың, үйдің бағасы қымбаттауы оңай, ал оны түсіруге қарсылық қуатты болады. 

Руслан АХМАҒАНБЕТОВ, саясаттанушы: 
– Бізде мұның бір қалыптасып қалған себебі бар. Бұл жағдай 30 жылда бұлжымас қағдидаға айналып барады. Бензин қымбаттаса, тауар қымбаттайды. Мысалы, пандемия кезінде мұнайдың бағасы түсіп кетті, бірақ бензин қымбаттады. Бір нәрсе қымбаттайды, қайтып арзандамайды. Бірінші себеп – қалыптасып қалған 30 жылғы әрекет. Бізде шынайы экономикалық бәсекелестік қалыптаспаған. Сондықтан монополистердің рөлі басым болмақ. Бәселестік болса баға түсер еді. Үкімет каписталистік қоғамда бағаны «ауыздықтай» алмайды. Бірақ оның бір жолдары бар. Ол – бәсекелестік. Мысалы, бұрын Beeline мен Activ қана бар кезде интернет әлсіз, байланыс қымбат еді. Осы кезде Tele2 қосылды, бәсеке күшейді, халыққа тиімділігі артты. Бәсеке бар жерде сапа өседі, баға түседі. 
Екінші жағдай әлі соғыс біткен жоқ. Әлі де тұрақсыздық факторы болғандықтан нарыққа деген сенімсіздік бар. Сондықтан баға өскен қалпында қалады. Әлемдік сарапшылардың пікіріне қарағанда, қазір Ресей экономикасына қолдау көрсетіп отырған әлемде екі-ақ ел бар екен. Біреуі – Қытай, екіншісі Қазақстан. Қытайдың қолдауы жанама және тікелей деңгейде болса, ал Қазақстанда «азаматтық деңгейде» қолдау алып отыр деп болжайды. Сондықтан бізде «санкцияға ілігіп кетпейміз бе?» деген қорқыныш бар. Осы екі фактор. Әрсіресе бірінші бәсекені реттеу қажет. Елімізде «Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау» агенттігі бар, солардың жұмысына енді ширақтық керек. Нақты сынға түсетін кезі осы. Бұл жалпы әлем елдерінде неолиберализм негізінде қалыптасқан мекеме. Қазір жүйе әлемнің көп елдерінде жақсы жұмыс істеп тұр.

Тілші: Зат бағасы қымбаттаған сайын, әлеуметтік наразылықтың күшейе түсетіні сөзсіз. Мұндай жағдайда мемлекет не істейді? Еңбек және әлеуметтік жәрдемақыларды көтеруі мүмкін бе?

Досбол СОЦИАЛХАН, экономист:
– Мұнының экономикада black swan («қара аққу») деген термині бар. Аққудың бәрі аппақ болады ғой. Бірақ ішінен бір қап-қара аққу шыға келеді. Яғни қысқа мерзімдік форс-мажор. Дәл осындай соғыс немесе қатты толқулар кезінде орын алатын нарықтағы теңсіздікті black swan дейді. Бұл қысқа мерзімді жағдай, 3-4 айда бітеді. Бұл жерде мемлекеттің кінәсі жоқ деуге де болады. Мемлекеттің экономикаға қатысты 3 те 6 ай, 10 да 15 жылдық бағдарламалары болады. Сол жұмысымен айналыса беретін болуы керек. 
Ал әлеуметтік жәрдемақы не еңбекақыны өсірсе ол заттың бағасын тіпті де қымбаттатып жібереді. 3 те 6 айлық инвестицияға құйылатын қаржы, инвестицияға емес тұтынуға кетеді. 3 немесе 6 айда бір өнімді дереу  өндіріп шығу деген мүмкін емес қой. Халықтың қолында 100 мың теңге бар делік, халық ол ақшасын жаратуға барады, бұрынғы 100 теңгелік затты 110 теңгеге сатып алады  3 те 6 ай ішінде. Сондықтан әлеуметтік жәрдемақы көтерілсе заттың бағасы да көтеріле беретін болуы керек. 
Біздің елдегі бір үлкен ауру – азаматтар «әлеуметтік жағдайымызды көтер» деп талап қояды.  Үкіметтен тек тұтынуды сұраймыз. Ал инвестицияны дамытуға талап ету деген көзқарас бізде өкінішке қарай төмен. Өндірісті көбейтуге 10-20 жылдық жоғарғы техникалық заттарды шығаруға талап қоймаймыз. Ондай жасалып жатқан орындарды біле бермейміз. Тіпті оған азаматтар сенбейтін болу керек. «Әлеуметтік жағдайымызды жақсарт» дей береміз. Сосын ақша таратып береді, ол қайта айналып келіп, заттың бағасын қымбаттатады. 

Тілші: «Әкім базарларды аралып, бағаны тұрақтандырды» деген ақпарат шығып жатады. Былай қарасаң езу тартатын жаңалық. Бұл социализм емес қой. Ал капиталистік жүйеде үкімет бағаны қаншалықты деңгейде реттей алады?

Руслан АХМАҒАНБЕТОВ, саясаттанушы: 
– Әкім базарға барып ештеңе реттей алмайды. Әкім келіп-кеткенше бір-екі сатушы картоптың бағасын арзан қылып қоюы мүмкін. Олар базардан шыға бере өзі қалаған бағасын қояды. Шын мәнінде әкім ешкімге «сен мынандай бағаға сат» деп айта алмайды. Бірақ әкім бағаны реттей алатын екі функциясы бар. Бірінші – дотация берілген әлеуметтік аса маңызы бар тауарлардың бағасын мемлекет арзандата алады. Дотация берілген нан, жұмыртқа секілді тауарлардың бағасын үкімет базарға арзан бағамен сатып, бағаны шектен тыс асырмау туралы келісім жасауға болады. Базар ары кетсе 5% қосып сата береді. 
Екінші бағаны реттейтін бір жол – азық-түлік сақтайтын резерв қор. Бағаны солай ұстап тұруға болар еді. Яғни бізде азық-түлік сақтау қоймалар өте аз. Мемлекет осындай істеріді реттеу арқылы бағаны ұстап тұруға септігін тиігізе алады. Мысалы, Моңғолияда ет сақтай үлкен комбинаттар бар екен. Бізге де осындай ет, көкеніс сақтайтын база қажет. Бұл тіпті өңірлерде де болуы керек. Баға дефицитке байланысты да өсіп кетеді. Дефицит жасайтын базар емес, сақтау қорларының жоқтығынан орын алатын жайт.

Сұхбаттасқан –

Бақытбек Қадыр

Байланысты жаналықтар

Премьер-министр Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

22.11.2024

Доллар бағасы 600 теңгеге өсуі мүмкін бе?

21.11.2024

Олжас Бектенов: Экономиканы әртараптандыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі

21.11.2024

Доллардың бүгінгі бағасы

21.11.2024

Доллар құны 500 теңгеге жетті. Ұлттық банк жаңа талап енгізеді

19.11.2024

Ақша айырбастау пункттерінде доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр?

18.11.2024
MalimBlocks
Премьер-министр Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

Тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік қатынасының қауіпсіздігі, денсаулық сақтау объектілерінің қызметі және басқа да мәселелерге назар аударылды

Доллар бағасы 600 теңгеге өсуі мүмкін бе?

Ақша айырбастау пункттерінде доллар 494 – 499 теңге аралығында саудаланып жатыр

Олжас Бектенов: Экономиканы әртараптандыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі

Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 47%, шикізат секторының үлесі 45%-ды құрады

Доллардың бүгінгі бағасы

Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар 497,3 теңгеден сатылып жатыр

Доллар құны 500 теңгеге жетті. Ұлттық банк жаңа талап енгізеді

Мұнай нарығында да пессимистік ахуал байқалып отыр

Ақша айырбастау пункттерінде доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр?

Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар 497,1 теңгеден сатылып жатыр