Көліктердің заңсыз импорты бюджетке 71 млрд теңге шығын келтірген

Аялдар Күнтуған

  • 20.01.2025

Жоғары аудиторлық палата Қазақстанға көлік құралдарының көлеңкелі импорты арқылы мемлекеттік бюджетке келетін ықтимал шығындарды 71 млрд теңгеден астам деп бағалайды. Бұл туралы КазТАГ жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Палата мәлімдеуінше, 2021-2023 жылдар аралығында жеке тұлғалар елге кіргізген тауарлардың импорты 6,5 есе өскен. Оның 94%-ын көлік құралдары құрайды, бұл шамамен 1,4 трлн теңге. Аталған көлік құралдарының бестен бір бөлігі (21%) коммерциялық көліктер: автобустар, жүк таситын арнайы техникалар.

Аудит барысында 3076 жеке тұлғаның (талдау жүргізілгендердің 61%-ы) коммерциялық көліктерді әкелгені анықталды, олардың ешқайсысы жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, аталған көлік құралдарын сатудан түсуі мүмкін салықтар бюджетке түспеген. Сонымен қатар, жеке пайдалануға арналған жеңіл көліктер мен басқа көлік құралдары жолаушылар көлігіне арналған кеден декларациялары бойынша емес, тауар декларациялары бойынша әкелінген. Соның салдарынан 2021-2023 жылдары бюджетке 71,2 млрд теңге көлемінде шығын келген, делінген ЖАП төрағасы Әлихан Смайыловтың премьер-министр Олжас Бектеновке жіберген құжатында.

Бұл құжаттың көшірмесі агенттікте сақтаулы.

КазТАГ агенттігі осы мәселе бойынша Бас прокурор Берік Асыловқа сұрау жолдап, аталған ақпаратқа түсініктеме беруін сұраған. Кедендегі тәртіпті орнату және көлеңкелі экономиканы болдырмау функциялары енді вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді, сондықтан осы мәселе бойынша Жұманғариннің баспасөз қызметінен де түсініктеме күтіледі. Жұманғарин салықты бақылау және тәртіпке келтіру, делдалдарды жою ісіне тікелей жауапты.

Қазір мемлекеттік кірістер департаменті көлеңкелі импортпен күрес жүргізіп, шетелден әкелген көліктерді заңдастырумен айналысқан қылмыстық топтардың жолын кесуге кіріскен. 

Фото: Жоғары аудиторлық палата

Байланысты жаналықтар

Еліміздің барлық мамандандырылған ХҚКО-ын тексеру басталды

14.03.2024
MalimBlocks
Еліміздің барлық мамандандырылған ХҚКО-ын тексеру басталды