Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласы қызметкерлерін марапаттады

Қазір осы салада 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді

Malim Админ

  • 29.08.2024

Президент Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысып, сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл датаның айтулы белес екенін атап өтіп, сала қызметкерлерін құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.


– Бәріңізге мәлім, қазақ мұнайы ғасырлар тоғысында алғаш рет Атырау аймағынан алынды. Содан бері бұл сала ел экономикасында айрықша рөл атқарып келеді. Халқымыз да мұнайды «қара алтын» деп атайды. Дүние жүзінің өркендеу жолы энергетика ресурстарымен тығыз байланысты болды. Ғылым мен технологияның дамуына қуат көздері ерекше ықпал етті. Осы үрдіске қазақ жеріндегі қара алтын өндірісі де мол үлес қосқаны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мұнай өнеркәсібі өз тарихы мен дәстүрі бар сала екеніне тоқталып, оның қалыптасып, дамуына елімізге белгілі тұлғалар зор еңбек сіңіргенін жеткізді.

– Геологтеріміз көптеген кен орнын ашты. Сафи Өтебаев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Бөлекбай Сағынғалиев бастаған мамандар кеніштерді ел игілігіне жаратты. Олардың тағылымды еңбек жолы әрдайым жас ұрпаққа үлгі болары анық. Аға буынның өнегелі ісін кейінгі ұрпақ лайықты жалғастыруда. Бұл салада тұтас еңбек династиялары бар, яғни, қара алтын өндірісі бүгінде мұнайлы аймақтың ата кәсібіне айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұнай мен газды еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі деп атады. Бұл ретте мұнайшылардың еңбегін жоғары бағалады. 

– Қазір осы салада 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мұнай-газ өнеркәсібі заманға сай дамып келеді. Өндіріске инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасты. Қазақстанда мұнай өндірумен қатар, оны өңдеу жұмысы жолға қойылған. Негізгі жанар-жағармай өнімдерінің көбі өз елімізден шығады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бұл жұмысқа зор үлес қосып келе жатыр. Қазақстан әлемдік мұнай нарығында басты рөл атқаратын елдердің біріне айналды. Дүние жүзіне белгілі брендіміз бар. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі нығая түсті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Chevron, ExxonMobil, CNPC, Eni, Shell, ЛУКОЙЛ, Total және Sinopeс сияқты жетекші әлемдік мұнай-газ корпорациялары елімізде аталған саланы дамытуға ерекше ықпал етіп отыр. 

– Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеру, Каспий құбыр желісі консорциумы жобасын іске асыру – мемлекет пен инвесторлар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Қазақстан бұл салада ашық және жан-жақты ойластырылған саясат жүргізу арқылы жаһандық экономикаға дендеп еніп, үлкен көлемде инвестиция тартып жатыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы энергетика саласының түбегейлі өзгергеніне, логистика, экология мәселелерінің маңызы артқанына назар аударып, бұл секторда алдағы уақытта атқарылуға тиіс бірқатар міндетке тоқталды. 

Фото: akorda.kz 

Байланысты жаналықтар

Сарапшы: Әлеуметтік-экономикалық даму – Президент саясатының жемісі

25.09.2024

Қазақстанда бірде-бір мұнай-химия зауыты жоқ!

25.11.2020

Ресейлік олигарх Ақтау әуежайын сатып алмақ

21.02.2020
MalimBlocks
Сарапшы: Әлеуметтік-экономикалық даму – Президент саясатының жемісі

Ең бірінші назар аударатын нәрсе – республиканың жалпы экономикалық өсімі

Қазақстанда бірде-бір мұнай-химия зауыты жоқ!

Ресейлік олигарх Ақтау әуежайын сатып алмақ