Қазақстан ХҚД банкінен 46 миллиард теңге қарыз алмақ

Мәжіліс отырысында Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен (ХҚДБ) шамамен 46 миллиард теңге көлемінде қарыз алатыны белгілі болды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, былтыр желтоқсанда Қазақстан мен ХҚДБ арасында республиканың инклюзив экономикасын жедел цифрландыру жобасы аясында қарыз алу туралы келісімге қол қойылған.
"Келісімнің мақсаты – Қазақстанның қызмет көрсетілмейтін немесе жеткіліксіз қамтылған өңірлеріндегі ауыл тұрғындарын сапалы әрі тұрақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін жоба жүзеге асыруға қарыз алу", – деді Сабильянов.
Tengrinews.kz тілшісі Мәжіліс дәлізінде депутаттан нақты қарыз сомасын нақтылап сұрады.
"Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасында 13 миллиард жапон иенасы көлемінде қарыз беру туралы келісім жасалды. Бұл - шамамен 46 миллиард теңге", – деп жауап берді Нұртай Сабильянов.
Қарыз мерзімі – 12 жыл. Қаражат Қазақстанның шалғай ауылдарына интернет жүргізуге бағытталады.
"Инфрақұрылымды қалпына келтіру, халықтың ақпарат алуын қамтамасыз ету, сапалы байланыс пен жоғары жылдамдықты интернет болуы үшін қажет", – деп толықтырды депутат.
21 мамырдағы мәлімет бойынша, жапон иенасының бағамы – 3,54 теңге.
Айта кетейік, Халықаралық қайта құру және даму банкі – Дүниежүзілік банктің негізгі қаржылық құрылымы. Ол БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде 1944 жылы Халықаралық валюта қорымен бірге құрылған.
Еске салайық, былтыр желтоқсанда Сенат депутаттары Азия даму банкінен 52,3 миллиард иена (168,1 миллиард теңге) және ХҚДБ-дан 84,9 миллиард иена (277 миллиард теңге) қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялаған еді.
Фото: Pixabay.com