Қазақстанның мемлекеттік қарызы қанша?

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Сенаттың кулуарында Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Malim.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызы - ЖІӨ-нің 23 пайызы.
"Бұл - әлемдік көрсеткіштер бойынша өте төмен деңгей. Мысалы, қазір Жапонияның мемлекеттік қарызы 230%-ға жетеді. Көршілес Өзбекстанда да бұл көрсеткіш Қазақстаннан жоғары – шамамен 30%. Тіпті Өзбекстанға қарамай-ақ, халықаралық валюта қорының сайтында 87 елдің мемлекеттік қарызы туралы деректер бар. Орташа көрсеткіш – ЖІӨ-нің 61%-ы. Қазақстанда бұл көрсеткіш бар болғаны 23%, яғни объектив түрде алғанда, Қазақстанның мемлекеттік қарызы төмен деңгейде және ол мәселе емес", – деді ол.
Қазақстанның сыртқы мемлекеттік қарызы одан да аз – шамамен 20 млрд доллар, ал халықаралық резервтері 100 млрд доллардан асады.
"Шын мәнінде біз кейбір елдерден қарыздар емес, таза несиелендіргішпіз. Біріншіден, мемлекеттік қарызымыз аз, екіншіден, Қазақстанда көп елден ерекшелігі – алтын-валюта резервтері бар, сонымен қатар Ұлттық қор активтері үлкен көлемде – 100 млрд доллардан астам. Бұл ЖІӨ-нің шамамен 30-35%-ы. Мұндай резервтері бар ел көп емес. Сондықтан Қазақстанның мемлекеттік қарызы мәселе емес", – деп қосты вице-министр.
Оның айтуынша, әкімдіктердің және кепілдендірілген мемлекеттік қарыздың көлемі де аз.
"Шын мәнінде ол көрсеткіштер де төмен, яғни мемлекеттік қарыз шамамен 23% болса, оған кепілдендірілген мемлекеттік қарыз және жергілікті атқарушы органдардың қарызы қосылғанда, бұл сома шамамен 3%-ға артады. Бұл аз көлем. Ал бөлінген қаражаттың толық ашықтығы қажет – кім қаржыландыратынын білуіміз керек", – деп түйіндеді Арман Қасенов.
19 мамырда Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2023 жылмен салыстырғанда 17,2%-ға өскенін мәлімдеді.
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин