Қоршаған ортаны қоқыстан қорғау әр азаматтың міндеті болуы керек

Қоршаған ортаны қорғау мен қоршалған полигонды тазалау  Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының тұрғындары үшін тартысқа айналған.

  • 23.06.2023

Өйткені, аудан орталығы Чапаевтың іргесінде 10 гектар жерді алып жатқан қоқыс қалдық төгетін полигон бар. Оның айналасы темір тормен қоршалған. Тазалығына жауапты арнайы мекеме де бар. Алайда, «Чапаев-Жаңақала-Сайхын» облыстық маңызы бар автомобиль трассаның бойында жатқан осы полигонның ішінен гөрі сырты жиі шашылып жатады. Целлофан пакеттер аспанда қалықтап, иттің өлексесі жол бойын сасытып тұрады.

Жергілікті басылымдар бұл мәселені назардан тыс қалдырмай жазып, көрсетіп жүр. Тұрғындар полигон өртенсе, иісі ауылды басып қалады, үйден шыға алмаймыз деп шағымданады.

Ақжайық ауданының әкімі (суретте) Қалияр Айтмұхамбетов бұл мәселемен таныс.

Бірақ, бар мәселені әкімдікке ысырып қойған дұрыс емес дейді. Әкімнің айтуынша, кей тұрғындар өздері тұрып жатқан ауылдың қоршаған ортасына жанашырлықпен қарамайды. Қоқыстарын полигонның ішіне төкпей, сыртына тастап кетеді. Бұл өз кезегінде даланы ластайды. Екіншіден, қосымша жұмыс, қосымша шығын.

Бұл бір ғана Ақжайықтың проблемасы емес. Қазақстандағы барлық облыс орталықтарында осындай мәселе бар. Мәселен, біз сөз етіп отырған Батыс Қазақстан облысында 147 тұрмыстық қалдықтар төгетін полигон бар. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, соның тек екеуіне ғана (Орал, Ақсай қаласындағы -ред) санитарлық, экологиялық талаптарға сәйкес деген рұқсат құжат рәсімделген.

Жалпы, елімізде жыл сайын 5 миллион тоннадан ас­там тұрмыстық қалдық шығады. Ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеуге аз да болса жіберіліп жатыр. Ал аудан деңгейінде, ауыл деңгейінде ондай жұмыс жоқ. Өндіріс ошақтары мен жеке үйлерден шыққан түрлі қоқыстар ешқандай електен өтпестен ашық алаңқайларда сақталып келеді. Эколог мамандар тұрмыстық қалдықтарды қоқыс орындарына сұрыптамай, өңдеуге жібермей тастай салу табиғат пен экологияны бұзады деп жүр. Өйткені олар топырақты, жерасты суларын және ауаның ластайды.

Осындай қатердің алдын алуда 2020 жылдан бастап  елімізде, полигондарда өрт қаупі жоғары қалдықтарды, түсті және қара металл, шыны сынықтарын, батареяларды, электронды және электр жабдықтарын, тамақ қалдықтарын және қоқыстың басқа түрлерін көмуге тиым салынған.  Қоршаған ортаны қорғаушы белсенділер жергілікті жердегі әкімдіктер осы заңның орындалуын дұрыс қадағаласа дейді.

Жергілікті жердегі басқару жүйесін зерделеп жүрген Қазбек Дәуіт ел тұрғындары қоқысқа қатысты пікірін түбегейлі өзгерту керек деп біледі.  

«Әлемнің көптеген елдерінде қатты қалдықтар 90 тіпті, 100 пайызға дейін қайта өңделеді. Бұл түсіне білсек, кәсіп. Пайда табу. Екіншіден, қоршаған ортаға зиян тигізбеу. Үшіншіден, табиғаттың ресурсын үнемдеу. Сондықтан, ауылдың тұрғыны болсын, қаланың тұрғыны болсын, қоқысты, қатты қалдықты лақтырып жіберетін зат ретінде қарамау керек. Оны көрінген жерге лақтырып жібергеннен зияны болмаса, пайдасы болмайды. Өйткені қараусыз тастаған қоқыс басқа планетаға көшіп кетпейді. Үйіміздің іргесінде көбейе береді»,-дейді Қ. Дәуіт. Оның айтуынша, қоршаған ортаны қоқыстан қорғау әр азаматтың міндеті болуы керек.