Құрылысы бітпеген шекара бекеттерін салған Назарбаевтардың компаниялары ма?

Аялдар Күнтуған

  • 23.01.2025

Солтүстіктегі шекараның жағдай қандай екенін көрген сенатор түңіліп қайтқан. Бұл туралы Shishkin_like телеграм арнасы жазды деп хабарлайды Malim.kz.

Жақында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Шекара қызметінің бөлімшелерін тексерді. Бұл сапардың нәтижеcін құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарының өкілдерімен өткен кездесуде комитет төрағасы Андрей Лукин баяндады. Сенатор солтүстіктегі шекараларымыздың сиқын көріп, түңіліп қайтқан. Айталық, жаңа застава құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарланған болатын, бірақ құрылыс аяқталмай қалған.

Сенатор Лукин келтірген кейбір мәліметтері:

Павлодар облысындағы «Арлан» бөлімшесі. Шарт бойынша құрылыс құны – 2,7 млрд теңге, 2024 жылы игерілген қаржы – 70%, объектінің дайындық деңгейі – 45%.

Ақтөбе облысындағы «Байтурасай» бөлімшесі. Шарт бойынша құрылыс құны – 2,6 млрд теңге, 2024 жылы игерілген қаржы – 72%, объектінің дайындық деңгейі – 55%.

Сенатордың айтуынша, мұндай жағдай барлық 20 объектіде байқалады, жоспар бойынша олардың бәрі 2023 жылы толық аяқталуы тиіс болған.

Құрылысты жүргізген мердігерлер кімдер және олардың Назарбаевтармен қандай байланысы бар?

Құрылыс жұмыстарының созылуына екі мердігер жауапты. Біріншісі – «Kapital construction» ЖШС (құрылтайшысы – Ринат Төренияз), ол жұмыстардың 80%-ын орындады. Екінші мердігерге қатысты сұрақтар көп, себебі ол тек 50% жұмыс жасаған. Бұл компания – «Tolagai 2050» ЖШС. Бұл компания Болат Назарбаевтың бір қызына тиесілі, қазіргі уақытта түрлі дауларға қарамастан, Алматы, Алматы облысы және басқа аймақтарда мемлекеттік тендерлерді алып, жұмыс істеп жатыр. Мысалы, 2024 жылы компания Қонаев қаласында насос стансаларын салып, Булаев су құбыры жүйесін қайта жөндеуден өткізіп, Қостанай облысында бөгет құрылысын жүргізген және Алматы облысында арық жүйелерін жөндеген.

Adata.kz мәліметі бойынша, компания өткен жылы 3,3 млрд теңге салық төлеген, ал 2015 жылдан бері бюджетке 9 млрд теңгеден астам салық құйған. Дегенмен, компанияның сенімділігіне қатысты мәселелер бар:

2024 жылдың шілде айынан бастап бұл компания «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында сенімсіз компаниялар тізіміне енгізілген.

24 жастағы Ақбота Назарбаева 2020-2022 жылдары «Tolagai 2050» ЖШС-нің құрылтайшысы болған. Қазіргі уақытта компания құжат бойынша Оразхан Жанысбековке тиесілі, ол Назарбаева кезінде осы компанияның директоры қызметін атқарған.

«Tolagai 2050»-дің қандай істерге қатысы бар?

Жемқорлыққа қарсы қызметтің деректері бойынша, «Қазселденқорғау» басшылығына қатысты тергеу кезінде бұл компанияның аты аталған, «Қазселденқорғау» басшылары кәсіпкерлерден 396 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Бұл ақша құрылыс актілерін қабылдап, жалпы қолдау көрсету үшін алынған. «Tolagai 2050» компаниясы бұл іс бойынша пара беруші ретінде қатысқан. Сонымен қатар, Алматыдағы Ақсай бөгеті құрылысына қатысты 3,4 млрд теңге жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл іске қатысты 1,5 млрд теңге сотқа дейінгі тергеу барысында қайтарылған. Қазіргі таңда іс Алматы қаласы арнайы прокурорларына тапсырылды. Ұлытау облысында Жезды өзенін тазалау жұмыстары кезінде 178 млн теңге жымқыру фактісі бойынша тағы бір іске осы компангияның қатысы бары анықталған.

Фото: «Толағай – 2050» компаниясының инстаграмдағы парақшасынан