Түркістанда зауыттар мен өндіріс орындары бой көтереді

Биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 694,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 133,8%-ға артқан. Тартылған инвестицияның 72,3%-ы – жеке инвестиция.
Өңірде ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, мақтаны, күрішті және өсімдік майын қайта өңдейтін зауыттардың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын мен ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасының құрылысы да жоспарда бар.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған полиэтилен мен крахмал негізіндегі биологиялық ыдырайтын пластикалық бұйымдар өндірісі, органикалық қалдықтарды қайта өңдеу зауыты, тамшылатып суару жүйесі өндірісі, автоматтандырылған кірпіш зауыты, металл конструкциялары мен бұйымдарын шығаратын өндірістер іске асырылмақ. Бұл жобалардың барлығы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.
Бүгін облыс әкімінің төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйі мен келешектегі бастамалар сараланды. Облыс әкімі әрбір жобаны инвестормен жеке-жеке талқылап, өзекті мәселелерді ашық көтерді. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Басқосуда жобалардың инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу жайы да талқыланды. Облыс әкімі инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етіп отырған ірі компанияларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Инфрақұрылым дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасы ілгерілейді.
Біздің өңір үшін бұл инвестициялық жобалардың маңызы зор. Қазіргі таңда барлық аудан-қалаларда өндірістік нысандар мен зауыттар ашуға басымдық беріліп отыр. Әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетіледі. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары әрбір инвесторға нақты көмек көрсетіп, жобаларды толық сүйемелдеуі тиіс. Инвесторлар да өз кезегінде жобаларды мерзімінде іске асыруға жауапты, – деді Нұралхан Көшеров.
Штаб отырысында басқа да жобалардың іске асу барысы қаралды. Оның ішінде кестеден кешігіп жатқан жобалар бойынша жұмыс қарқынын арттыру тапсырылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында қуаттылығы 27,6 МВт болатын газпоршенді жылу электр станциясының құрылысы мен іске қосылуы ерекше назарға алынды.
Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Өңірлік инвестициялық штабтың жұмысы жүйеленіп, жаңа жобалар белсенді іске қосылуда. Түркістан облысында инвестиция тарту бағытындағы жұмыс күшейіп келеді.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ең көп оқылған
