457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Ұлттық банк қазақстандықтарға ескерту жасады 

Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтардың жеке деректер мен банк шоттарындағы қаражатты ұрлауға бағытталған жаңа схемалары туралы ескертті, - деп хабарлайды Malim.kz.

Ұлттық банк хабарлауынша, кейінгі уақытта онлайн-ойындар арқылы банк карталарының деректерін ұрлау жағдайлары жиілеген.

"Алаяқтар өздерін компания қызметкерлері немесе ойын әкімшілері ретінде таныстырып, балаларға сыйақы береміз деген сылтаумен банк картасының деректерін (картаның нөмірі, CVV-кодтары және SMS-кодтар) сұратады", – делінген хабарламада.

Осыған байланысты Ұлттық банк ата-аналарға балаларына жеке ақпаратты, банк картасының деректерін, растау кодтарын бөгде адамдарға беруге болмайтынын түсіндіруді ұсынды.

Сонымен қатар, интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін балалардың құрылғыларына ата-аналық бақылау орнату ұсынылады.

Ұлттық банк қазақстандықтарға күмәнді сілтемелерге өтпеуге, бейтаныс файлдарды ашпауға және HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer секілді қашықтан басқару қосымшаларын орнатпауға кеңес берді.

Сондай-ақ Ұлттық банк:

  • жеке тұлғалардың шоттарын жүргізбейтінін;
  • азаматтарға несие бермейтінін;
  • заңгерлік қызмет көрсетпейтінін;
  • халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске салды.

"Егер өздерін мемлекеттік орган немесе Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалса, әңгімені үзуді және қажет болған жағдайда мемлекеттік органның ресми нөміріне өзіңіз хабарласуды ұсынамыз", – делінген хабарламада.

Алаяқтыққа тап болғандар құқық қорғау органдарына арыздануға тиіс. Сондай-ақ кеңес алу үшін Ұлттық банктің байланыс орталығына 1477 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Фото: Ұлттық банк