Вячеслав Кимге Jusan Bank-ті сатып алуға рұқсат берілді

Kaspi.kz-тің тең иесі Вячеслав Ким Jusan Bank-тің мажоритарлық үлесін сатып алуға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен (ҚНРДА) ресми рұқсат алды, деп хабарлайды Malim.kz Forbes Kazakhstan басылымына сілтеме жасап.
Агенттік 30 мамырда кәсіпкерге банктің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуді ресми түрде мақұлдаған. Енді тараптар арасында мәміленің өзі жасалуы тиіс.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың ақпан айының басында Вячеслав Ким Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) Галимжан Есеновке тиесілі Jusan Bank-тің 97,5% акциясын сатып алуға өтінім берген болатын. Ол кезде кәсіпкер бұл мәміленің Kaspi.kz компаниясына еш қатысы жоқ екенін атап өткен.
ҚНРДА мәліметінше, банктің немесе банк холдингінің ірі қатысушысы мәртебесін алуға келісім беру мемлекеттік қызмет түріне жатады және оны қарау мерзімі – 50 жұмыс күні. Алайда бұл процесс күткендегіден ұзағыраққа созылды. Forbes Kazakhstan дереккөзіне сүйенсек, кідіріс негізінен құжаттарды жинауға қосымша уақыт қажет болуымен байланысты болған және заңнама аясында жүргізілген.
Соңғы жарияланған мәліметтер бойынша, 2025 жылғы ең бай бизнесмендер рейтингінде 19-орында тұрған Ғалымжан Есеновке (байлығы $560 млн) Jusan Bank акциясының 19,67%-ы тікелей, ал 78,11%-ы оның иелігіндегі «First Heartland Securities» АҚ арқылы тиесілі болған.
2025 жылы Вячеслав Ким Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай бизнесмен мәртебесін сақтап қалғанын да айта кетейік. Бір жыл ішінде оның дәулеті $1,3 млрд-қа өсіп, $7,1 млрд-қа жеткен.
Forbes-тың дәстүрлі жаһандық миллиардерлер рейтингінде Kaspi.kz акционері 464-орынға жайғасты. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша оның қазақстандық финтех-холдингтегі үлесі — 20,39%.
Сонымен қатар Вячеслав Ким – «Алсеко» АҚ-ның ірі акционері және Magnum Cash&Carry бөлшек сауда желісінің түпкі бенефициарлық иесі.
Фото: olympic.kz

Ең көп оқылған
