"Машиналар көтерілісін" алғаш ұйымдастырған қазақтың хикаясы

Кеңес Одағындағы бірінші хакер болып есептелетін Мұрат Өртембаев туралы ақпарат мардымсыз. Ол туралы мәлімет әуелде орыс тіліндегі ресурстарда оқта-текте шығып қалып жүрді. Қазақ тіліндегі мәліметтер - сол қысқаша хабарлардың аудармасы. Ал шын мәнінде Мұрат Өртембаевтың киберқылмысы - бүкіл одақтағы заңгерлердің басын қатырған оқиға. Бұл туралы қазақ тілінде мәлімет мардымсыз.
Мұрат Өртембаев деген кім?
1955 жылдың 31 мамырында Алматыда туған. 1978 жылы Мәскеу Мемлекеттік Университетінің механика-математикалық факультетін бітірген. Сол жылы жолдама бойынша Ресей Федерациясының Тольятти қаласындағы ВАЗ (Волжский Автомобильный Завод) автомобиль зауытына барған. Ол жерде Өндірісті үйлестіру басқармасына жұмысқа алынған.
Мұратты өкпелеткен нәрсе
"Площадь свободы" басылымы Мұрат Өртембаевты хакерлік әрекетке итерген әлеуметтік себептерді саралауға тырысқан. Басылымның жазуынша, зауыт Мұрат Өртембаевқа мәртебесіне сай жалақы бермеген. Жалақысы небәрі 150 сом болған Мұраттың отбасындағы жағдай да күрделі болыпты. Мысалы, бір жылдан кейін қасына келген әйеліне Тольяттиде жұмыс табылмаған. Оның үстіне, әйелі аурушаң болғанға ұқсайды.
Мұрат сол зауыттағы өзі жұмыс істейтін бөлімнің бастығы Кабановтан әйеліне жұмыс тауып беруді өтінген. Ол бірдеңе тауып беруге уәде берген, бірақ көпке дейін еш көмегі болмаған. Тіпті, 1980 жылы Мұрат зауыт атынан Норвегияға барудан бас тартқан. Ал қатардағы совет адамына шет елге шығу - басты арманның бірі болатын. Ендеше, отбасыдағы жағдайының қандай болғанын осыдан түсінуге болады.
Түрлі мәліметтер бойынша, Мұрат өзінің зауыттағы өтеу мерзімінің ("отработка") бітуін асыға күткен. Ол мерзімі 1981 жылы аяқталатын болған. Бірақ зауыт басшылары оған уәдені үйіп-төгіп, тағы да ұстап қалған.
Мұраттың жұмысы
ВАЗ ("Жигули", "Нива" көліктерімен әйгілі болған) - Кеңестер Одағы Италиядан сатып алған зауыт. Бұқаралық сипаттағы автомобиль өндіру мәселесін шешу үшін Советтер Одағы Fiat компаниясының технологиясын алған болатын.
Тоқтаусыз конвейерлік өндірісте барлық үрдіс әр секундына дейін есептеліп қояды. Мұрат Өртембаев осындай, жабдықтарды конвейерге беріп тұратын жерді компьютермен басқаратын бөлімнің программисі болған.
Алаяқ әріптестер
Мұрат жұмыс барысында әріптестерінің қулығын көреді. Олар конвейерге жабдық жеткізуді басқару программасын әдейі қате жазып, сосын оны жөндеген болып, сыйақы алып жүрген. Компьютерден ештеңе түсінбейтін зауыт басшылары ондай мамандардың қылмысын тіпті біле де алмайтын.
"Машиналар көтерілісі"
1982 жылы білік бойынша аттестациядан соң зауыт басшылары Мұратты тағы алдап соғады. Уәде етілген жаңа қызмет пен жоғары жалақы бермейтін болып шығады. Мұраттың тергеу кезінде берген өзінің куәлігінше, қылмысқа итермелеген осы жайт болған. Оның үстіне, өзі деңгейлес әріптестері анағұрлым жоғары жалақы алып, зауыт басшыларының ерекше құрметіне бөленіп жүр еді.
Мұрат программаны ашып, жабдықтардың конвейерге жетуін есептеп тұратын тұсына өзгеріс енгізеді. Ол еңбек демалысына кетіп бара жатқан болатын. Есебі бойынша, программадағы ақау ол демалыстан келген кезде іске қосылу керек. Сол кезде ақауды жөндеген болып, сыйақы аламын деп дәмеленген.
Алайда, прогаммадағы баг ол жоқта іске қосылып кеткен. 1982 жылдың 24,25 қарашасында конвейерлік жүйе істен шығып, 3 конвейердің әрқайсы шамамен 2 сағатқа тоқтаған. Осылайша, зауыт 460 автомобильді жоспардан кем шығарып, бұл оқиға мемлекет деңгейіндегі төтенше жағдай деп танылған. Кеңестер одағында бәсеке нарық болмағанын атап өтейік, ендеше, бұқаралық көлік шығаратын төрт-бес зауыттың біреуінің уақытша тұрып қалуы кәдімгідей соққы болды.
Әшкере
Демалыстан жұмысқа келген Мұрат ақауды әуелде кездейсоқ қате деп көрсетпек болды. Бірақ кодты зерттеуге отырған әріптестері ондағы өзгерістерді кездейсоқ емес, әдейі жазылған деп тапты.
Тергеу мен үкім
Бұл оқиғамен тікелей КГБ айналысты. Прокурорлар оқиғаны бірден "Қастандық" бабы бойынша қарады. Алайда, тергеу бірден тығырыққа тірелді. Себебі, мұндай іс бұрын-соңды болмаған еді. Сондықтан істі "Мүлікті бүлдіру" бабы бойынша қарады. Мұраттың адвокаты болған Вячеслав Московскийдің айтуынша, Мұраттың қылмысын мүлікті бүлдіру деп қарауға да келмейтін. Себебі программа - сайып келгенде идея ғана, әрі, бүлінген нақты мүлік те болған жоқ. Осыған сүйеніп, ол Мұраттың ақталуын сұраған. Адвокаттың айтуынша, мұнысына облыстық сот ашуланып: "отыз жетіде бұл үшін атып тастар еді!" деп, аппеляциясын тіпті қарамапты. Сөйтіп, Мұрат Өртембаев үш жылға бас бостандығынан шартты түрде айырылып, 7 176 сом айыппұлға кесілді. Өртембаев бұл соманы өтеу үшін сол зауытта селсарь болып жұмыс істепті.
Тағдыры
Бір мәліметтер бойынша, слесарь ретінде жұмыс істеп шығынды өтеген соң, Мұрат аз уақыт сол зауытта программист болып жұмыс істеген. Айтпақшы, әйелі де сол зауыттың баспаханасынан жұмыс тапқан екен. Кейін Қазақстанға қайта көшіп келіп, Алматыда тұрған. 2010 жылы "ҚазПошта" АҚ ақпараттық технологиялар департаментінде жұмыс істеген. Сол жылдың 21 мамырында бақилық болыпты.

Ең көп оқылған
