Шпион ҰҚК ғимараты алдында кездесуді сұраған

Malim.kz, Астана. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің фильміне арқау болған 90-жылдары жүргізілген «Виктория» операциясы Маңғыстау облысында орын алған.
Тәуелсіздік алған тұста Қазақстан жер жүзіндегі этникалық қазақтарды елге оралуға үндеді. Бірақ, «сақтықта қорлық жоқ»: арнайы органдарға репатрианттар нөпірін қадағалау тапсырылды. Олардың арасында экстремистер немесе тыңшылар болуы мүмкін еді.
Бұл оқиға сол жылдары Ақтау қаласында орын алған. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ардагері Нұрнияз Ұлықпановтың айтуынша, қандас ретінде оралып жатқандардың бірі о баста күмәнді көрінген. Тексере келгенде, оның Маңғыстау облысы бойынша нақты тапсырмасы бары белгілі болады. Күткендей, ол құпия мәлімет жинау үшін жергілікті орган қызметкерін азғырмақшы болған. Сондықтан, оған алдын ала дайындалған қызметкер әдейі жолықтырылады.
Тыңшының еркінсігені сонша, кездесуді облыстық ҰҚК ғимараты алдында белгілепті. Басқа жағынан, ол жер 90-шы жылдары кісі көп жүретін жер болған, ендеше қалың жұрт арасына кіріп кетудің оңайлығын есепке алса керек. Осылайша, кездесу ақыры болып, тыңшыны Қазақстан тарапы бірнеше жыл бойы жалған мәліметтермен жемдеп жүрген.
ҰҚК ардагері Адамғали Накиспековтың айтуынша, қазір оңай көрінетін іс-шаралар ол кезде қиындық тудырған. Мысалы, камералар қазіргідей самсап тұрған жоқ, тіпті сымсыз байланыс та болмаған.
Тыңшы кездесу ұйымдастыруда әккілік танытқан. Мысалы, құпия мәліметтерді алатын жер ретінде жүк көліктерінің тұрағын көрсеткен. Ол жерде сыбайластары халықаралық тасымал арқылы мәліметтерді еліне әкетіп тұрады.
Осылайша, тыңшы келген елге шынға бергісіз ақпарат жіберіліп тұрған. ҰҚК ардагерлерінің бірінің айтуынша, мәліметтер олар сенетіндей сипатта болыпты.
Тыңшылардың араны барған сайын ашыла түсті дейді ҰҚК ардагерлерінің бірі. Себебі, олар бір күні Қазақстанның мемлекеттік қауіпсіздігіне тікелей зияны бар ақпарат сұраған. Тыңшыларды тұтқындау туралы шешім осы тұста қабылданса керек.
Оларды тұтқындау Алматыда жүзеге асыпты. Алдымен, тыңшымен кездесіп жүрген Қазақстан өкілі ауырып қалған болады да, ол санитарлық авиациямен Алматыға жеткізіледі. Оның науқастанып қалғанына сенімді үш тыңшы да Алматыға ұшып барыпты.
Олар бәрібір де астыртын шаралар жүргізуге әккіленген еді. Мысалы, көшеде екеуі бірі бірімен қауқылдасып бара жатқан адам болады да, біреуі солардың артынан қарап жүреді екен. Тұтқындалатын күні тыңшылар аңдыған көз болса деп, базар маңын жағалап біраз жүрген. ҰҚК қызметкерлері оларды сол жерде ұстаған.
Тұтқындалған тыңшылар әуелде өздерінің коммерсант екен, Қазақстанда сауда-саттықпен жүргенін айтып жалтармақ болған. Бұлтартпас айғақтардың салмағынан ғана мойындауға мәжбүр болыпты.


Ең көп оқылған
