Алаяқтар атыңыздан несие рәсімдеген жағдайда не істеу керек?

Өтініш міндетті түрде тіркелуі тиіс

Malim Админ

  • 05.05.2025

Бүгінде алаяқтардың әккі әрекеті ел халқын алаңдатып отыр. Тіпті, телефон арқылы несие рәсімдейтінін естігендер таныс емес нөмірден шалынған қоңырауды алуға да қорқып қалған жайы бар. Malim.kz kaz.inform.kz-ке сілтеме жасай отырып алаяқтар атыңыздан несие рәсімдесе не істеу керектігін түсіндіреді.   

1. Кредит алынған ұйымды анықтаңыз.

Алдымен қай банк немесе ұйым сіздің атыңызға несие рәсімдегенін біліңіз. Бұл ұйым ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауында ма — соны тексеріңіз. Мұны агенттіктің сайтындағы «Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі» бөлімінен көруге болады.

2. Полицияға жүгініңіз:

Жақын жердегі құқық қорғау органдарына барып, ресми түрде шағым түсіріңіз. Қолтаңба сараптамасы жүргізіліп, құжаттағы қол сізге тиесілі емес екенін анықтауға көмектеседі.

3. Кредит ұйымына өтініш жазу керек:

Алаяқтар қарызды қай ұйымнан алғанын анықтап, сол жерге жазбаша өтініш беріңіз. Барлық білген ақпаратыңызды көрсетіп, ішкі тексеру жүргізуді талап етіңіз. Өтініш міндетті түрде тіркелуі тиіс. Тіркеу нөмірі мен өтініш қабылданған күнді өзіңізде қалатын көшірмеге жаздырып алыңыз.

4. Мына құжаттарды талап етіңіз:

Кредиттік ұйым немесе банк сізге шарттың, қосымшалардың, жеке куәлік көшірмесінің және ақша аударылған шот туралы мәліметтердің көшірмесін беруі тиіс. Сонымен қатар, осы шартты рәсімдеген қызметкер туралы ақпаратты нақтылаңыз. Егер ұйым құжаттарды бермесе, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіре аласыз.

5. Банкомат немесе онлайн несие болса:

Егер несие банкомат арқылы алынған болса, онда бейнебақылау камераларындағы жазбалар алушыны анықтауға көмектеседі.

Егер онлайн алынған болса, полиция IP-адрес арқылы кім екенін анықтай алады. Алаяқтар тек бейтаныс емес, кейде өз таныстарыңыз, достарыңыз немесе туыстарыңыз да болуы мүмкін. Сондықтан құжаттарыңызды және банк деректеріңізді ешкімге бермеңіз.

6. Сотқа жүгіну:

Егер кредит ұйымы бұл істің алаяқтық екенін мойындамаса, онда өз тұрғылықты жеріңіз бойынша сотқа барып, мәмілені жарамсыз деп тану жөнінде талап арыз бересіз.

Сот сіздің пайдаңызға шешім шығарса, кредит ұйымы:

Сізден қарыз өндіруді тоқтатады;
Берешекті есептен шығарады;
Кредиттік бюроға бұл ақпаратты сіздің кредит тарихыңыздан өшіру туралы хат жолдайды.
Кредит есебін қайдан алуға болады?

Кредит есебін мына жерлерден онлайн алуға болады:

— Кредит бюросынан
— Электронды үкімет порталы (eGov.kz) арқылы.

Жоғалған жеке куәлік арқылы алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдеп жіберуі мүмкін. Сондықтан кредит тарихыңызды бақылау — өз қауіпсіздігіңіз.

Кредит есебін қаншалықты жиі тексеру керек?

Кемінде тоқсанына бір рет (3 айда 1 рет) тексеріп отырған жөн. Жылына 1 рет кредит есебін тегін алуға құқығыңыз бар.

Кредит алу кезінде банк не істейді?

Банк сіздің кредит есебіңізді тек рұқсатыңызбен ғана сұрата алады. Бірақ банк сізге кредит береді ме, жоқ па — бұл шешімді өзі қабылдайды. Кредиттік бюро бұл шешімге араласпайды.

Кредит тарихы қанша уақыт сақталады?

Соңғы жаңартылған күннен бастап кредит тарихы кемінде 10 жыл сақталады.

Кредиттік есеп — құпия құжат. Бұл есеп тек сізге арналған. Үшінші адамдарға оны беруге немесе жариялауға болмайды.

Қаржы алаяқтарынан қалай сақтануға болады?

Жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз

Бейтаныс адамдарға жеке куәлік, ЖСН немесе басқа да жеке деректеріңізді айтпаңыз. Құжаттарыңыздың көшірмесін әлеуметтік желі арқылы жібермеңіз, тіпті фото немесе сканерленген түрін де.

Банктік карта туралы ақпаратты құпия ұстаңыз

Карта нөмірі, жарамдылық мерзімі, екінші бетіндегі CVC/CVV-код сияқты деректерді ешкімге айтпаңыз. Бұл ақпаратты әлеуметтік желіде де жарияламаңыз.

Телефон қоңырауларына сақ болыңыз

Алаяқтар сіздің дауысыңызды жазып алуы мүмкін, сондықтан «иә» деп жауап бермей, абай болыңыз. Олар сіздің дауысыңызды пайдаланып, атыңызға несие рәсімдеуі мүмкін.

Тек қауіпсіз сайттарға ғана тіркеліңіз

Күмәнді сайттар мен парақшаларға сенбеңіз.
Егер сайт немесе әлеуметтік желідегі парақша сізге жалған сияқты көрінсе, сол ұйыммен тікелей хабарласып, нақтылаңыз.

Күдікті қоңырауларға жауап бермеңіз

Өзін банк немесе басқа ұйым қызметкері деп таныстырған бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Олар сұраған ақпаратты айтпаңыз, әңгімені дереу тоқтатыңыз.

Құжаттарға қол қоймас бұрын мұқият оқыңыз

Әрбір тармағын қарап шығыңыз, деректердің дұрыс жазылғанына көз жеткізіңіз.

Фото: finance.digitalbusiness.kz 

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда жаңа банкнот айналымға шығады

08.05.2025

20 мыңға жуық әскери қызметшінің несиелері кейінге шегерілді

07.05.2025

Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығына орай монеталар шығады

06.05.2025

Елімізде адамдарға несие беруді қатаңдату ұсынылды

05.05.2025

Араб жазуы бар Қазақстан туын жарнамалағандар қалай жазаланады?

02.05.2025

Елімізде несие алуы қиындай түспек

30.04.2025
MalimBlocks
Қазақстанда жаңа банкнот айналымға шығады

20 мыңға жуық әскери қызметшінің несиелері кейінге шегерілді

Кейінге қалдырылған қарыздардың жалпы сомасы 7,5 млрд

Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығына орай монеталар шығады

Елімізде адамдарға несие беруді қатаңдату ұсынылды

Араб жазуы бар Қазақстан туын жарнамалағандар қалай жазаланады?

Елімізде несие алуы қиындай түспек