Алимент төлемеген ақтаулық пәтерінен айырылды

Ақтауда алимент қарызы үшін бір тұрғын пәтерінен айырылып, 33 миллион теңге көлемінде қаражат өндірілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, алимент бойынша берешекке байланысты жүргізілген талдау нәтижесінде құзырлы органға ұсыныс енгізіліп, соның негізінде қомақты қаржы мен мүлік өндіріп алынған.
«Алимент өндіру бойынша атқарушылық құжаттар сараланып, ұсыныс енгізілді. Соның нәтижесінде бір тұрғыннан 33 млн теңге және пәтер қайтарылды», – делінген ресми хабарламада.
Тексеріс барысында алимент төлеуден бой тасалап жүрген 26 азаматқа қатысты әкімшілік жаза қолданылды:
бір бөлігіне айыппұл салынса,
өзгелері әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар 5 борышкерге қатысты Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыптау үкімін шығарды.
Заңгерлердің айтуынша, алимент – тек құқықтық емес, адамгершілік міндет. Борышкерлердің мүлкін тәркілеу немесе сот үкімімен жазалау — соңғы шара, өйткені алимент төлемеудің салдары балалардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Фото: © freepik.com


Ең көп оқылған
