Көлсайда суға түскен Дуров қалай жазаланады?

Көлсай көліне суға түскен Павел Дуровқа қандай шара қолданылуы мүмкін? Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк айтты.
Оның айтуынша, ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы су айдынына шомылғаны үшін жауапкершілікке тарту Экология министрлігінің құзыретіне кіреді.
- Біз рәсімдеген жоқпыз. Тек бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан материалдарды жинап, мәселені қарастыру үшін Экология министрлігіне бердік, - деді комитет төрағасының орынбасары.
Осы орайда БАҚ өкілдері одан Павел Дуровқа қанша мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін екенін сұрады.
- Қалай жіктелетіндігіне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Өкілетті органдармен сөйлесу қажет. Ең төменгі шара ескерту және қателеспесем, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, - деді ол.
Айта кетейік, Тelegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Алматы облысындағы Көлсай суына шомылып жатқан бейнежазбасын жариялаған еді.
Фото: t.me/durov