Он шақты адамға несие алдырған емші 6 жылға сотталды

Сұлушаш Қазбаева 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Кәмелет жасқа толмаған баласы болған соң жазасын екі жылдан соң ғана өтейді.
Ақтөбе қалалық сотында емші Сұлушаш Қазбаеваға қатысты іс бойынша үкім оқылды. Сот сотталушыны Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танып, оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтеуі тиіс. Алайда кәмелет жасына толмаған баласы болған соң жазасын өтеу мерзімі 2 жылға кейінге шегерілді.
Қазбаева пайдакүнемдік ниетіпен әрекет ете отырып, 2018 жылдың қараша айынан бастап 2024 жылдың желтоқсан айына дейінгі аралықта алаяқтық жасағаны, яғни, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде бірнеше рет жымқырғаны сот тарапынан анықталды. Бір уақытта бірнеше жәбірленушіге несие рәсімдетіп, алдыртқан. Жәбірленушілерден алған ақшаны қайтаруға мүмкіндігі болмаған. Яғни ол несие төлемдерін басқа жәбірленушілерге несие рәсімдетіп өтеген. Сот Қазбаеваның кінәсі толық дәлелін тапты деп санайды,- деді судья сот үкімін түсіндіру кезінде.
Сотталушы С.Қазбаеваның қорғаушысы сот үкімімен келісетінін, апелляциялық шағым түсірмейтінін айтты. Ал жәбірленушілер қарызды өтеуін сұрады.
Мен екі кредитті жабам деп айта алмаймын. Сот шешімі де әділ болмады. Өйткені банк қызметкерлерінің қатысы бар. Оларды тергемеді. Енесін, күйеуін де тергемеді. Сұлушаш Қазбаевада бала болса, менде де бар. Қарызым - 3 026 800 теңге. Бір банкке ай сайын 95 000, екіншісіне 64 876 теңге төлеу керек. Менің айлығым - 92 мың теңге,- деді Әйтеке би ауданынан келген жәбірленуші Марал Жаманбаева.
Сот отырысынан кейін прокурор да шағым түсіретінін не түсірмейтінін нақты айтпады. Үкімнің заңдылығы прокуратураға түскен соң ғана тексеріледі.
Айта кетейік, сот азаматтық талап арыздың бір бөлігін қанағаттандырып, шығынды толық өтеу туралы үкім шығарды. Бұл жәбірленушілер өз атына рәсімдеген несиені толық өтеп, сотқа құжатын ұсынған. Ал несиені әлі төлеп жатқан жәбірленушілер құжатты қайта жинап, азаматтық талап арыз түсіруі тиіс. Себебі несие өсімі болуы мүмкін.
Айта кетейік, шығын көлемі 579 миллион теңге, жәбірленушілер саны – 136.
Емші Сұлушаш Қазбаева Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылында мешіт, Әйтеке би ауданында тойхана саламын, кәмелет жасқа толмаған қызын Түркия еліне емге апарамын, жеке клиника ашып, кәсібін дамытамын деп өзіне келген емделушілерге несие рәсімдеткен. Іс сотта қарала бастағанда 90 жәбірленуші болып, кейін тағы ондаған адам қосылды.
Фото: freepik.com