Яна Легкодимованың өлімі: Айыпталушылар сотта жауап берді
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты резонансты істі қарау жалғасып жатыр. Сотта екі айыпталушы жауап берді. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
24 жастағы инженер Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы электрик Алтынбек Катимов. Екеуі де аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталуда.
Отырыста Хайржанов ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша өз кінәсін толық мойындады.
"Мен кінәмді толық мойындаймын. Галина Юрьевнадан тағы да кешірім сұраймын. Уақытты кері қайтарып, бұл қылмысты жасамауға барымды берер едім. Өтініш, мен өзімді ақтамаймын – мені ештеңе ақтамайды... Яна күн сайын түсіме кіреді. Жаным жай таппай жүр, намаз оқып жүрмін", – деді айыпталушы.
Бұған дейін ол тергеу кезінде жауап беруден бас тартқан болатын. Катимов та қылмысқа қатысы барын растады. Бірақ оның айтуынша, "пайда табу мақсатында" әрекет етпеген.
"Мен қылмыс туралы хабарламағанымды және серік болғанымды мойындаймын. Бірақ бұл әрекетті пайда үшін жасады дегенмен келіспеймін. Мен ақша табайын деген жоқпын – бұл жала. Өкінемін. Соңғы сәтте мұның бәрі жай қалжың шығар деп ойладым", – деді ол.
Фото: Аzh.kz