Ясауи кесенесінің маңында биік ғимарат салуға тыйым салынды
Жаңа заң қабылданды

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңы мен ілеспе құжат мақұлданды.
Заңның мақсаты - Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді реттеу.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметіне қарағанда, құжатта Түркістан қаласының тарих және мәдениет ескерткіштері мен тарихи-мәдени мұрасы объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймақтарында орналасқан объектілерді басқарудың, сақтаудың және олардың бүтіндігін сақтап тұрудың тиімді жүйесін құру ескерілген. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның қорғау аймақтарының аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жоспарлау және басқару қарастырылған. Заңда тарихи-мәдени мұраны сақтау, қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дамытуға, Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасы объектілерін қорғау әрі пайдалану жөнінде қабылданған шешімдерді ғылыми қамтамасыз етуге екпін қойылған.
Құжат аясында Түркістан қаласының жергілікті өкілді органының, оның ішінде дизайн-кодты, қала құрылысы регламентін, өңірлік нышанды пайдалану тәртібін бекіту жөніндегі құзыреті белгіленеді.
Бұдан басқа, заңда тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі нормалар, сондай-ақ Түркістан қаласының археология және инфрақұрылым ескерткіштерінің резерватына қатысты нормалар айқындалады. Атап айтқанда, құрылыс салуды реттеу аймағында құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде сәулет келбеті бойынша олардың тарих және мәдениет ескерткіштерінен асып кетуіне жол берілмейді деп көзделеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау және оның айналасындағы аумаққа құрылыс салуға жол бермеу мақсатында кесененің қорғау аймағының шекарасынан бір жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын және ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерімен үйлеспейтін объектілер салуға жол берілмейді, - делінген Сенат комитетінің ақпаратында.
Ілеспе заңда Жер кодексіне және 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілген. Туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын (инклюзивті туризм) қоса алғанда, барлық туристер үшін туризм инфрақұрылымына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейтін түзетулер енгізіледі.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісі аталған заңдарды былтыр желтоқсан айында қабылдаған.
Фото: ашық дереккөз