Жол апатына байланысты Сәтбаев әкімінің орынбасары жазаланды

Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары жақында жол-көлік оқиғасы болған көше қиылысында жол таңбаларының болмауына байланысты жауапкершілікке тартылды.
Ұлытау облысының ПД қызметкерлері 16 маусымда Сәтбаев қаласында болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалын бастады. Оқиға жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Toyota маркалы жеңіл автокөліктің жүргізушісі 13 жасар қыз баланы қағып кетіп, ол алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
Көлік құралының жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жүргізушіден бөлек қала әкімінің орынбасары да жауапқа тартылды.
Жолдарда жұмыс істеу бойынша талаптарды орындамағаны үшін, атап айтқанда тиісті белгілердің болмағаны үшін Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлайды Ұлытау облыстық ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, полиция департаменті бұған дейін Сәтбаев қаласының жергілікті атқарушы органына жаяу жүргіншілер өткеліне жол белгілерін қою жөнінде нұсқама жіберілгенін атап өтті.
Тергеу барысын облыстық полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және кінәлілерді қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін барлық қажетті шаралар қабылданады, — деп толықтырды ведомстводан.
Фото: Zakon.kz

Ең көп оқылған
