Есту қабілеті бұзылған қызды зорлау: Шымкент тұрғыны 8 жылға сотталды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында есту қабілеті бұзылған қызды өлтіремін деп қорқытып, зорлаған 28 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты.
Қоғамда кең резонанс тудырған қылмыстық іс жәбірленушінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қылмыстың сипатын ескере отырып, жабық сот отырысында қаралды.
Сотталушының әрекеті Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігінің 2-тармағына сәйкес — адам өлтіремін деп қорқыту арқылы жасалған зорлау ретінде сараланды.
Соттың хабарлауынша, айыпталушының кінәсі қылмыстық іс аясында жиналған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденді. Іс жүргізу барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Сот бұл жайтты жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды, ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Барлық мән-жайды ескере отырып, сот айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылды. Сотталған адам моральдық зиян ретінде 3 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: видеодан кадр

Ең көп оқылған
