«Ресей темір жолдары» филиалына қатысты тергеп-тексеру басталды

Биыл қаңтар айынан бастап «Ресей темір жолдары» ААҚ филиалы қызмет құнын 9,5%-ға арттырып, ҚҚС-ты есепке алғанда 845 261,76 теңгеге дейін көтерген, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті.
Ведомство мәліметінше, департамент өңірде 2024 жылдан 2025 жылдың қаңтар–ақпанына дейінгі кезеңде вагондардың электронды таразыларын тексеруге арналған қызметтер нарығына жоспардан тыс талдау жүргізді.
Бұл талдауға себеп – «Agrimer Mamlutka» ЖШС-нің шағымы болды. Компания «Ресей темір жолдары» ААҚ Оңтүстік Орал филиалы көрсететін метрологиялық қызметтің (вагон таразыларын тексеру) бағасы қымбаттап кеткенін хабарлаған.
Өтінішке сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап «Ресей темір жолдары» ААҚ филиалы қызмет құнын 9,5%-ға арттырып, ҚҚС-ты есепке алғанда 845 261,76 теңгеге дейін көтерген. Бұл ретте Қазақстанның басқа өңірлерінде осыған ұқсас қызметтің құны шамамен 391 000 теңгені құрайды. Талдау нәтижесінде көрсетілген бағаның тым жоғары екені және бұл бәсекелестікке қайшы – монополиялық әрекет болуы мүмкін екені анықталды. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіндегі 174-баптың 1-тармағына сай келетін заңбұзушылық ретінде қарастырылып жатыр. Осыған байланысты монополияға қарсы орган ресми тергеп-тексеруді бастады. Бұл тексеріс 3 айдан 5 айға дейін созылуы мүмкін, - делінген департамент таратқан ақпаратта.
Фото: GOV.KZ

Ең көп оқылған
