457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

"Жұбайымның фотосына лайк басқан". Берденов ісі бойынша айыпталушы сотта жауап берді

Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот процесі өтіп жатыр. 

Судья Әбінұр Қарабаев айыпталушы Ернар Жиембайға кінәні мойындайтыны жайлы сұрақ қойды. Ол кінәсін мойындағанымен, адам өлтіру ниеті болмағанын жеткізді. Айыпталушының айтуынша, әрекеті тек қорқыту мақсатында жасалған.


Ол кезде мен күйзеліс пен қатты стресс жағдайында болдым. Берденов бірнеше рет мені қорлап, «ақымақ» деп атап, балағат сөздер айтатын. Өз еркіммен жұмыстан кетуімді талап етті. Келіспеген жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартатынын айтып, қорқытты, — деді Ернар Жиембай сотта.

Сондай-ақ айыпталушы олардың әйелдері бір-бірімен таныс болғанын айтты. Айыпталушының сөзінше, бірде Берденов Жиембайдың жұбайы жайлы: «әдемі екен, бірақ мені қызықтырмайды» деген. Осыдан кейін, айыпталушының сөзіне қарағанда, Берденов Instagram желісінде оның жұбайының бірнеше фотосуретіне «лайк» басқан.

Мемлекеттік айыптаушының: «егер оннан астам рет жұмыстан кетуге мәжбүрлеу түрінде қысым көрген болсаңыз, неге тиісті органдарға арызданбадыңыз?» деген сұрағына Жиембай жауап бере алмады.

Ол оқиға болған күні Берденовке: «Мен кінәсіз болсам да, кінәлі болып тұрмын» деп айту үшін келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол Берденовті тура көздемеген, тек қорқыту мақсатында төрт рет оқ атқан.

Сондай-ақ айыпталушы оқ атқан күні мас болмағанын, алкоголь тұтынбағанын айтты. Оның айтуынша, тергеу кезінде басқа мәліметтерді қысыммен берген — яғни, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтып қорқытқан.

Бұдан бөлек, Жиембай алдын ала тергеу кезінде біреулер өзінен қастандықты ұйымдастыру туралы тапсырысты Шымкент әкімі берген деген нұсқаны айтуын сұрағанын жеткізді. Айыпталушының айтуынша, Берденов мұның есесіне «бәрін реттеп беремін» деп уәде еткен.

Ал осы арада сот отырысынан кейін Берденовтің ресми өкілі мәлімдеме жасап, Жиембайға оның сенім білдірушісі атынан ешкім жүгінбегенін айтты. Оның сөзінше, Берденовтің мүддесін білдіруге құқығы бар жалғыз адам — өзі ғана.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот процесі басталғанын жазған болатынбыз.

21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.

Ал 25 сәуірде шенеунікке оқ атқан күдіктінің әкесі мәлімдеме жасады.

Руслан Берденовтің ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.

Фото: Татьяна Корякина