Журналист Лұқпан Ахмедьяровтың Instagram-дағы аккаунты жойылды

Журналист Лұқпан Ахмедьяров «Просто журналистика» Instagram парақшасының жойылып, орнына жалған парақша пайда болғанын және өзі полицияға шақыртылғанын айтты. Бұл туралы Orda.kz-ке сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Журналистің айтуынша, жоғалған парақшаның орнына сол логотип орналасқан justjournalism.official деп аталатын аккаунт пайда болған. Ахмедьяров бұл парақшаның өздерінікі емес екенін, өз парақшалары жойылғанын мәлімдеді. Журналист бұл ақпараттық ресурстарға бағытталған шабуыл деп санайды.
Ахмедьяровтың айтуынша, ол күтпеген жерден полицияға шақыртылған. Бірақ тергеушімен кездесуге 10 минут қалғанда тергеуші кездесуден бас тартқан.
Еске салайық, сәуір айында осы журналист ұсталған болатын. Ахмедьяров өзінің ұсталғанын Батыс Қазақстаннан ер адамдарды Ресейге жұмыс істеуге апарып, кейін оларды Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасауға мәжбүрлеп жатқаны туралы жарияланымдарымен байланыстырады. Полиция журналистен жауап алған соң оны босатты.
Фото: Л.Ахмедьяровтың желідегі парақшасынан


Ең көп оқылған
