Абай облысында 13 жастағы бала із-түзсіз жоғалып кеткен
Абай облысында полиция 13 жастағы Қайратұлы Қайсар есімді жасөспірімді іздестіріп жатыр

Абай облысында полиция 13 жастағы Қайратұлы Қайсар есімді жасөспірімді іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды Malim.kz.
Қайсар 2011 жылы туған, Мақаншы ауылында тұрады.
Полиция мәліметінше, 10 сәуірге қараған түні Мақаншы аудандық полиция бөліміне ауыл тұрғыны ұлының жоғалып кеткені туралы хабарлап, көмек сұраған.
"Әкесінің айтуынша, 9 сәуірде сағат 14:30 шамасында ұлы жасыл түсті электр самокатпен үйден шығып, еркін күрес секциясына қатысу үшін спорт модуліне қарай кеткен. Содан бері оның қайда екені белгісіз", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Жасөспірімді іздеуге полицейлермен қатар мұғалімдер, жергілікті тұрғындар және әкімдік өкілдері де қосылды.
"Егер Қайратұлы Қайсардың қайда екені жайлы қандай да бір ақпаратыңыз болса, 102 нөміріне немесе ең жақын полиция бөліміне дереу хабар берулеріңізді сұраймыз", – деді полиция қызметкерлері.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысы Рудныйдағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау орталығынан екі жасөспірім жоғалып кеткен болатын. Полицейлер оларды тапты.
Фото: Абай облысы ПД