Ақмола облысында су басқан жолмен өтпекші болған көлік жүргізушісі өлі табылды

Құтқарушылар көлік ішінде жүргізушімен бірге болған екі жолаушыны судан аман алып шықты, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол қозғалысына шектеу қойылғанына құлақ аспай өтіп кеткен көлікті су ағызып әкеткен.
5 сәуірде "Астана — Атбасар — Жақсы — Рузаевка — Сарыкөл — Қостанай —РФ шекарасы" автожолының 963-шақырымын су шайып кетуіне байланысты автокөліктің барлық түрі үшін жол қозғалысына шектеу енгізіліп, блок-бекет қойылды. Дегенмен жүргізуші тыйым салынғанына қарамастан, блок-бекетті айналып өтіп кетті. Алайда су басқан учаскені өтіп жатқан кезінде оны су ағызып әкетіп, көлік су астына кетті, — делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, көлікте үш адам болған. Олардың екеуін құтқарушылар мен полицейлер аман алып қалды. Зардап шеккендерге медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Ал жүргізушінің денесі 02:30 шамасында табылды.
Полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлері қазақстандықтарға үндеу жолдап, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды және шектеу енгізілген су тасқыны қаупі бар жол учаскелерінен өтпеуді сұрады, — делінген хабарламада.
Фото: Pixabay.com

Самое читаемое
