Бішкекте қазақстандықтарды алдаған колл-орталық әшкереленді

Қырғызстанда заңсыз жұмыс істеген колл-орталықтың 43 қызметкері ұсталды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі "Вечерний Бишкек" басылымына сілтеме жасап.
Бішкекте орналасқан заңсыз колл-орталықтың қызметкерлері қолға түсті. Бұл туралы Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тергеу барысында колл-орталық қызметкерлері Қырғызстан мен Қазақстан азаматтарына үнемі психологиялық қысым көрсетіп, оларды биологиялық белсенді қоспалар мен тұрмыстық техника сатып алуға итермелегені анықталды. Кейіннен клиенттердің сеніміне кірген соң, оларға лотерея билеттерін сатып алуды ұсынып, ақша аударса ұтысқа ие болу мүмкіндігі артады деп сендірген.
Бұдан бөлек, колл-орталық салық органдарында тіркелмегені және лотерея ұйымдастыруға лицензиясы болмағаны белгілі болды. Операторлар "Baribarda" жүйесін қолданып, ІР-телефония арқылы шалғайдан байланыс орнатқан. Ал серверлер мен деректер базасы Қазақстан аумағында орналасқан.
"Колл-орталық заң талаптарын елемей, тіркелусіз және лицензиясыз жұмыс істеген. Бұл екі ел азаматтарына айтарлықтай зиян келтірді", – деді ведомстводан.
Тінту кезінде 43 адам, оның ішінде төртеуі кәмелетке толмағандар ұсталды. Сонымен қатар, 43 ұялы телефон, 78 ноутбук және ұйымның құжаттары тәркіленді.
Қазір бұл дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Фото: pixabay.com
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
