Мысырда қазақстандық әйел қаза тапты

Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласындағы әуежайында жолаушылардың үстіне жарнама тақтасы құлады. Салдарынан қазақстандық әйел қаза тауып, тағы екі отандасымыз жарақат алды, - деп хабарлайды Мalim.kz тілшісі.
ҚР Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, оқиға 17 мамырда, ұшу аймағында болған.
"Шарм-эль-Шейх әуежайында рейске отырғызуды күтіп отырған жолаушылардың үстіне жарнама тақтасы құлады. Қайғылы жағдай нәтижесінде бір қазақстандық әйел қаза тауып, екі азаматша жеңіл жарақат алды, – делінген СІМ мәлімдемесінде.
Министрлік марқұмның туыстарымен байланыс орнатылғанын, консул барлық қажет көмекті көрсетіп жатқанын хабарлады.
"Зардап шеккен екі әйелге медициналық көмек көрсетілді, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Мысыр тарапы қазақстандық азаматшаның қаза болуына байланысты көңіл айтты. Мысырдың азаматтық авиация министрі бұл жағдайды жеке бақылауына алып, оқиға орнына арнайы комиссия жіберді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстан Елшілігі де бұл жағдайды ерекше бақылауға алғанын атап өтті.
Фото: instagram.com/pro_astanu