Кибершабуыл салдарынан бірнеше әуежайда ақау шықты

Берлин-Бранденбург әуежайы мен Брюссель әуежайында кибершабуыл салдарынан жолаушыларды тіркеу жүйесінде қиындықтар туындады, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
DPA агенттігінің хабарлауынша, 20 қыркүйекте бірқатар еуропалық әуежайлар хакерлік шабуылдан кейін техникалық мәселелерге тап болған.
Берлинде жолаушыларды тіркеу жүйесіне қызмет көрсетуші компания зардап шеккен. Соның нәтижесінде әуежай тиісті жүйелерден ажырауға мәжбүр болды. Бұл тіркеу мен ұшаққа отырғызу кезінде кезектердің ұзаруына және рейстердің кешігуіне әкелуі мүмкін. Әкімшілік мәліметінше, әуежай тікелей шабуыл нысаны болмаған, тек жанама түрде зардап шеккен.
Брюссель әуежайында автоматты тіркеу біраз уақытқа қолжетімсіз болды. Әуежай әкімшілігі ұшулар кестесіне елеулі әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді. Жолаушыларға жолға шығар алдында рейстердің мәртебесін тексеруге және барлық рәсімдерден өтуге жеткілікті уақыт бөлуге кеңес берілді.
Фото: freepik.com