Тоқаев Иордания Королін елорда әуежайынан шығарып салды

Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі ІІ Абдалланы елорда әуежайынан шығарып салды, деп хабарлайды Malim.kz.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла Қазақстан-Иордания бизнес-форумына қатысқан еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Король ІІ Абдалланы Астанада қарсы алуды өзіне зор мәртебе санайтынын жеткізді.
– Ұлы Мәртебелі, Өзіңіз бен жұбайыңыз патшайым Ранияны бүкіл әлем дана, аса білімдар және парасатты тұлғалар ретінде мойындайды. Бүгінгі заманда Сіз бен жұбайыңыз секілді көшбасшылар кемде-кем, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Корольге Қазақстан мен Иордания арасындағы серіктестікті дамытуға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқанына алғыс айтты. Сондай-ақ іскерлік орта өкілдеріне бизнес-форум жұмысына қатысқандары үшін ризашылығын білдірді.
– Король ІІ Абдалланың ресми сапары аясында өтіп жатқан бұл форум біздің перспективті серіктестігіміздің жаңа кезеңіне жол ашады. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясы екіжақты қарым-қатынасты кеңейтудің маңызды институционалдық негізін қалайтыны сөзсіз. Бүгін Ұлы Мәртебелі Король Абдалламен мазмұнды келіссөз жүргіздік. Әңгімелесу барысында алдағы жылдары өзара тиімді ықпалдастықты нығайтуға шешім қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өңірдегі экономикасы ең ірі ел болып қала береді.
– Экономикамыз биылғы жеті айда 6,3 пайызға ұлғайып, сенімді түрде өсіп келеді. Оған өнеркәсіп, сауда және көлік салаларындағы жоғары көрсеткіштер мүмкіндік берді. Біз ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу арқылы осы қарқынды сақтап қалуға ниеттіміз. Сондықтан серіктестігіміз көптеген сектордың өркендеуіне септігін тигізетініне сенімдіміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір Қазақстан арқылы он екі халықаралық көлік дәлізі өтетініне, яғни бес темір жол және жеті автокөлік жолы еліміздің Еуразиядағы стратегиялық логистикалық хаб ретіндегі позициясын бекіте түсетініне тоқталды.
– Біз ірі халықаралық бағыттарды, соның ішінде Орта дәліз бен Солтүстік – Оңтүстік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауда негізгі рөл атқарады. Былтыр Құрық портында астық терминалын іске қостық. Ол жылына 1 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады. Бұдан бөлек, Ақтауда өткізу қабілеті жылына 240 мың контейнерді құрайтын хаб салдық. Осы орайда Акаба портының стратегиялық әлеуетін бірлесе пайдалануға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елімізде атом энергетикасы ұлттық экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі тұрақты қуат көзі ретінде қарастырылатынын жеткізді.
– Қазақстан – жетекші уран өндірушілердің бірі. Елімізге әлемдік нарықтың 40 пайызға жуық үлесі тиесілі. Иорданиядағы уран жобалары бойынша «Қазатомөнеркәсіп» және JUMCO арасындағы келісім экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуде маңызды оқиға саналады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иорданияның агробизнес саласындағы әлеуеті мол екеніне назар аударды.
– Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшелері ретінде бізді елдеріміз бен барша мұсылман әлеміне арналған ортақ мақсат біріктіреді. Бұл орнықты әрі әділ азық-түлік экожүйесін қалыптастыруды көздейді. Қазақстан әлемде егістік алқабы бойынша алтыншы орын алады, сондай-ақ дүниежүзілік ірі астық экспорттаушылардың ондығына енеді. Жыл сайын сегіз миллион тоннадан аса бидай мен екі миллион тоннаға жуық ұнды жаһандық нарыққа жеткіземіз. Еліміз Иорданияны жоғары сапалы, органикалық, халал және экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Біз Aljazeera Agricultural иорданиялық компаниясының елімізде құс фабрикасын салу жөніндегі бастамасын құптаймыз. Бұл жоба екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға жасалған нақты қадам болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда

Ең көп оқылған
