Шығыс Қазақстан облысының әкімі Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен өткен форумда өңірдің әлеуетін таныстырды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумында сөз сөйледі.
Өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырған облыс әкімі бүгінде шекаралас аумақтардың өзара ынтымақтастығы экономиканы дамытуда, өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуда және көлік-логистикалық байланысты кеңейтуде негізгі факторлардың біріне айналып отырғанын атап өтті.
– Тәжірибе көрсеткендей, өңірлердің өзара мүдделері тоғысқан жерде жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Бүгінде шекаралас аумақтар көлік дәліздерін қалыптастырудың, өндірістік кооперацияны дамытудың және экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындайтын маңызды кеңістікке айналып отыр, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде Омбы облысының ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады және өңірдің сыртқы сауда айналымының үштен біріне жуығын қамтамасыз етеді. Ал Шығыс Қазақстан облысы еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі ретінде Қазақстандағы түсті металлургия өнімінің бестен бір бөлігін өндіреді. Сонымен қатар облыстың экспорт көлемі 2 миллиард АҚШ долларынан асады.
Облыс әкімі Ресей өңірлерімен өнеркәсіптік ынтымақтастық мәселесіне де ерекше тоқталды. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенде, ғылым саласында және заманауи технологияларды енгізу бағытында өзара әріптестік қарқынды дамып келеді.
Өңір басшысы Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарын біріктіретін бірыңғай логистикалық кеңістік қалыптастыруды келешегі зор бағыттардың бірі ретінде атады.
Сонымен қатар Ертіс өзенінің көлік әлеуетін дамыту, оның экожүйесін сақтау және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыру басым бағыттардың қатарында екені айтылды.
– Ертіс – жай ғана көлік артериясы емес, ол – шекараның екі жағында тұратын миллиондаған адамның өмір сапасына тікелей әсер ететін біртұтас табиғи жүйе, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі бүгінде Шығыс Қазақстан облысында он шағын су электр станциясын салу жобалары жүзеге асырылып жатқанын айтып, өңірдің жаңа инвестициялық жобаларға ашық екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы инвесторлардың кедергісіз жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайды жасауды нақты міндет етіп қойды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ресей Федерациясының компанияларын Шығыс Қазақстан облысында бірлескен перспективалы жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы адами капиталды дамыту мәселесіне тоқталып, жаңа экономиканың сұранысына сай мамандар даярлау мен Шығыс Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен Ресейдің шекаралас өңірлеріндегі университеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Сөз соңында Нұрымбет Сақтағанов өңіраралық ынтымақтастықтың әлеуеті әлі де толық пайдаланылмағанын айтып, алдағы мүмкіндіктерге тоқталды.
– Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге барлық алғышарттар қалыптасқан. Біздің өзара ықпалдастығымыздың көкжиегі кең, ал бірлескен жобалар жаңа инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын ашуға және азаматтарымыз үшін тың мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады, – деп түйіндеді ол.
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы дәстүрлі түрде екі ел өңірлері арасындағы бірлескен экономикалық жобаларды, өнеркәсіптік кооперацияны, көлік инфрақұрылымын, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты талқылайтын маңызды халықаралық алаңдардың бірі саналады.
Шығыс Қазақстанның әлеуетін таныстырды