Қостанай облысында зейнеткерге пайызбен заңсыз қарыз берілген

ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті заңсыз микроқаржылық қызмет бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Күдікті алты жыл бойы тиісті лицензиясыз, OLX және Instagram мобильді қосымшалары арқылы пайызбен қарыз берумен айналысқан. Заңсыз әрекеттер заңды деп көрсетіліп, нақты берілген сомадан әлдеқайда жоғары сандар көрсетілген. Өйткені оған жылдық 100%-ға дейін алдын ала есептелген сыйақы енгізілген. Қарыз алушылар мүлкін кепілдікке қойған.
Бұл схема бойынша күдікті жалпы сомасы 556 млн теңгеден асатын 72 мәміле жасаған.
Солардың бірі – Рудный қаласының зейнеткерімен жасалған келісім. Ол күдіктіден емделуге қажет деп 13,2 млн теңге көлемінде қарыз алғаны туралы келісімге отырған. Келісім шарттарына сәйкес зейнеткер екі жыл бойы ай сайын 600 мың теңгеден төлеуге міндеттелген. Алайда іс жүзінде ол қолына тек 6 млн теңге алған, ал қалған 7,2 млн теңге алдын ала есептелген пайыз ретінде көрсетілген. Ол өзінің жалғыз пәтерін кепілдікке қоюға мәжбүр болған.
Сот санкциясымен күдіктінің жалпы құны 154 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Олардың ішінде 6 жеке тұрғын үй, 3 көлік (TANK 500, TOYOTA CAMRY, MITSUBISHI FIGHTER) бар.
Тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.
Фото: видео кадры

Самое читаемое
