Қоянды атам деп досын атқан. Жамбылдағы қайғылы оқиға

Мойынқұм ауданына қарасты Құшаман ауылында түнде аңға шыққан жасөспірімнің бірі абайсызда оқ тиіп, көз жұмды. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
13 жастағы екі сыныптас бала түнде аңшылыққа шыққан.
Жасөспірімдер қоян аулап жүрген. Балалардың бірі қоянға оқ атқаннан кейін ол жаққа барып, жаралы аңды іздеген. Алайда қоян қашып кетпек болған. Сол сәтте екінші бала оны тоқтатпақ болып тағы да оқ атқан, – дейді ауыл тұрғындары. Екінші мәрте атқан оқ жанындағы досына тиген.
Жамбыл облысы полиция департаменті бұл факт бойынша абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, бөлімшеге жеткізді. Қазір істің толық, жан-жақты және объективті тергелуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарының өз міндеттерін тиісінше орындамауы және бақылаусыз қалдыруы салдарынан балалардың атыс қаруына қол жеткізуіне байланысты олардың жауапкершілігі қарастырылып жатыр, — деп мәлімдеді полиция.
Мойынқұм тұрғындарының айтуынша, бүгін аудан орталығының орталық алаңында халық көп жиналған. Бұл жағдайдың аталған оқиғамен байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
Фото: pexels