Құлсарыдағы төбелес. 17 жастағы көз жұмған жасөспірім ісі әлі тергеліп жатыр

Атырау облысындағы Құлсары қаласында бір жыл бұрын топтық төбелесте жарақат алған 17 жасар жасөспірім ауруханада көз жұмған еді. Осыған байланысты қылмыстық істі тергеу әлі аяқталған жоқ.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, топтық төбелес 2024 жылдың 19 қаңтарында түнгі мезгілде болған.
Топтық төбелестің салдарынан 3 адам түрлі дене жарақатымен Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Оның бірі – 2006 жылғы жасөспірім аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Тергеу барысында оқиғаның барлық қатысушысы анықталды. Күдіктілерге қатысты адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, сондай-ақ бұзақылық баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Сот органымен 4 күдікті бұлтартпау шарасымен қамауға, 7 күдікті үйқамаққа алынды. Қылмыстық іске қатысты кешенді тергеу амалдары жүргізілді. Тиісті сот сараптамалары өткізіліп жатыр. Тергеу амалдары аяқталған соң қылмыстық іс сотқа жолданады. Сотқа дейінгі тергеуге қатысты өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Фото: rail-news.kz