Құрамында құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері болған қылмыстық топ ұсталды

Павлодар облысында құрамында құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері болған қылмыстық топ ұсталды, - деп хабарлайды Malim.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс прокуратурасы бастамашы болған жедел-іздестіру іс-шаралары аясында Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қолдауымен құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінен құралған топтың әрекетінің жолы кесілді.
Бұл топ зорлық-зомбылық қолдану арқылы жәбірленушіні өз көлігінде ұстап, ірі көлемдегі ақшаны тартып алмақ болған.
"Адам ұрлау" және "Қорқытып алу" деректері бойынша материалдар ҚР Қылмыстық кодексінің 125 және 194-баптары бойынша тіркелді. Арнайы прокурорлар соталды тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Күдіктілер ұсталып, сот оларды қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялад", – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазір күдіктілердің өзге де қылмыстық әрекеттерге қатысы анықталып жатыр.
Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Фото: Облыс прокуратурасы

Ең көп оқылған
