457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Шетелге жұмыс іздеп кеткен 12 қазақстандық құлдықтан құтқарылып, елге жеткізілді

Биыл жұмыс іздеп Мьянма мен Лаосқа кеткен 12 қазақстандық құлдықтан құтқарылып, елге жеткізілді. Кейінгі жылдары осы елдерден 50-ге жуық отандасымыз аман-есен оралған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Кейінгі жылдары шетелде еңбек ету таңдау емес, қажеттілікке айналып барады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің статистикасына сүйенсек, 2023 жылы 191 мың, ал 2024 жылы 140 мың 521 қазақстандық шекара асып, шетелге жұмысқа кеткен. Нұрболат Биғалиев те – заңгер мамандығын зауыт қызметкеріне ауыстырып, табысын өзге елден іздеген жандардың бірі. Оның айтуынша, өзге қызмет тек жұмыс емес, тіл үйреніп, саяхаттауға мүмкіндік береді.

"Словакия елінің Братислава қаласындағы "Volkswagen" заводында бір жыл бойы жұмыс істедім. Жұмысым өте дәлдік пен жауапкершілікті талап етті. Уақыт кестесі нақты, тәртібі қатал әркім өз ісін сапалы түрде орындау керек", – деді Қостанай қаласының тұрғыны Нұрболат Биғалиев.

Қазақстандықтар жиі жұмысқа баратын елдердің көшін Ресей бастап тұр. Сонымен қатар Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания және Біріккен Араб Әмірліктері де алдыңғы қатарда. Бұрын арман болып көрінген елдерге бүгінде барып-келу әлдеқайда қолжетімді. Әсіресе азаматтарға құлпынай жинау секілді маусымдық жұмыстар жиі ұсынылады. Дегенмен жарнамаларда оңай болып көрінгенімен, шындығында оның артында үлкен еңбек пен қатаң шарттар бар.

"Біріншіден, яғни баратын клиент тарапынан компанияны толықтай зерттеп алған дұрыс болады. Келісімшарт жасау керек. Негізінде шетелде өте керемет жалақы жоқ. Қазіргі таңда интернет алаяқтар өте көп", – деді виза беру орталығының сарапшысы Үміт Айтбай.

Әлеуметтік желіні ашсаң шетелге жұмысқа шақыратын сайттар жетерлік. Олар бұрын-соңды естімеген жалақыны айтып, халықты қызықтырады. Сарапшылар бұл жарнамаларға қызықпай, алдымен жіберуші компаниямен жіті танысып, еңбек келісімшартын жасасқан жөн дейді. Әйтпесе кейін алаяқтардың құрбанына айналып, ақшаңыздан қағылып, құлдыққа түсуіңіз әбден мүмкін.

"Алаяқтар кадрлық агенттіктер, тур операторлар немесе жеке тұлғалар ретінде көрсетіп келесі айла-амалдарды қолдануы мүмкін. Яғни тіл білуді қажет етпейтін, тәжірбиені талап етпейтін шетелдегі жоғары жалақылы жұмысты ұсынуы мүмкін. Өздерінің көрсететін қызметтері үшін әрдайым алдын ала төлемді талап етеді. Яғни төлемді алып болғаннан кейін азаматтарды қаражатсыз және де тиісті қызметтерсіз қалдырып ізін суытып жатады", – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Биыл Астана қаласында 2 мыңнан астам алаяқтық фактілері тіркеліпті.

"Шетелге жұмысқа орналастыру сылтауымен жасалатын алаяқтың жаңа түрлері де орын алып отыр. Мұндай жағдайларда алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін жұмысқа орналастырып беруді ұсынатын компаниялар туралы ақпараттарды зерттеп тексеру қажет", – деді ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Хамит Тобажанов

Мамандар шетелге жұмыс істеуге кеткен азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе виза мерзімі аяқталған жағдайда, уақытында елге оралған жөн.  Көші-қон ережесін бұзсаңыз, кейін ол елге қайта кіруге тыйым салынуы мүмкін.

Фото: Pixabay.com