Талдықорғанда өртенген қонақүйден адамның мәйіті табылды

Талдықорғанда қонақүй өртеніп, зорлық белгілері бар әйелдің мәйіті табылды, деп хабарлайды Malim.kz Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 24 мамырда Қаблиса жырау көшесінде орналасқан қонақүйде болған. Өрт туралы хабарлама түскен сәтте Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметі жоғары дайындық режимінде оқиға орнына аттанған.
Өрт ресепшн бөлмесінен тұтанып, жалпы 20 шаршы метр аумақты шарпыған. Құтқарушылар қонақүйден 35 адамды, оның ішінде бір баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады.
Өрт сөндіру барысында қонақүйдің бірінші қабатындағы әкімшілік бөлмеден 1982 жылы туған әйелдің зорлық белгілері бар мәйіті табылған.
Аталған факті бойынша полиция «кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, 23 жастағы күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Тергеу амалдары жалғасуда. Алдын ала болжам бойынша, өрт қасақана тұтандырылған.
Оқиғаға қатысты барлық материалдар Жетісу облыстық полиция департаментіне тергеу үшін жолданды.
Фото: istockphoto.com