Жантүршігерлік жол апатынан 6 шетелдік қаза тапты

20 мамырда таңертең Алматы-Екатеринбург тасжолында, "Қайрақ" шекаралық бекетінен екі шақырым жерде жол апаты болып, алты шетелдік қаза тапты, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 10 жолаушысы бар шағын автобус жүк көлігімен соқтығысқан.
"Апат салдарынан алты адам оқиға орнында көз жұмды, тағы бесеуі әртүрлі жарақатпен Қарабалық аудандық ауруханасына жеткізілді", – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Бұл дерек бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі – "Көлік құралдарын жүргізу немесе пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан" бойынша соталды тергеуді бастады.
"Қазір оқиға орнында тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр, барлық қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деді облыстық ПД өкілдері.
Фото: Қостанай облысы ПД