Әділбек Бектібаев: Техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін ескі көліктерді елге кіргізбеу қажет
Ол көлеңкелі бизнес бәсекелестікті бұрмалап, азаматтардың, мемлекеттің, бизнестің мүдделеріне нұқсан келтіретінін атап көрсетті.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Интеграция және халықаралық қатынастар департаментінің директоры Әділбек Бектібаев техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін ескі көліктерді Қазақстанға кіргізбеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол өз сөзінде утильалымға қатысты министрліктің позициясын айқындап берді.
Елге техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін ескі көліктерді кіргізбеу қажет. Сол арқылы қоршаған ортаға деген зиянның әсерін азайта аламыз.
Екіншіден, автопарк мен ауылшаруашылық техникасын жаңартқан жөн. Кәдеге жарату қалдықтарын қайта өңдеу үшін инфрақұраламды дамыту, сондай-ақ экологиялық өндірістерді дамытуды ынталандырған абзал. Бір сөзбен айтқанда, "утильалым - азаматтар мен бизнес өкілдерінің қызығушылығын ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау құралы" деуге болады, - деді ол Утильалым мәселелері жөніндегі петицияны қарау бойынша қоғамдық тыңдау барысында.
Ведомство өкілінің айтуынша, 2016 жылдан 2022 жылға дейін 670 мың автокөлік тіркелген. Оның ішінде 2 жылдан асқан автомобильдер 66 538 немесе бастапқы тіркеулердің жалпы санының 10 пайызын құраған.
Мәселе көліктерді заңсыз әкелумен қиындайды. Бүгінде адамдар көлікті елге кіргізерде жеке қолданыста болатынын жасыруға тырысады. Сол арқылы елге кіргізіп, кедендік тазарту бағасын 15 пайыздық көрсеткішпен есептетуге тырысады. Мұның салдары қандай болады? Біріншіден, азаматтардың құқықтары бұзылады. Ал бұл, өз кезегінде, техрегламентке сәйкес келмейді. Әрі қылмыстық іс әрекет болып табылады. Екіншіден, кедендік баждар мен салықтарды төлеуден жалтарады. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқандар да жетерлік. Петицияны талқылау барысында 100 адам 50-60 көлікті заңсыз әкелсе, бір адам 280 көлікті Қазақстан аумағына заңсыз кіргізгені анықталды, - деп нақтылады Әділбек Бектібаев.
Ол көлеңкелі бизнес бәсекелестікті бұрмалап, азаматтардың, мемлекеттің, бизнестің мүдделеріне нұқсан келтіретінін атап көрсетті.
Сондай-ақ ескі көліктер қоршаған ортаға зиян тигізетінін айтты.
Біздің халықтың кем дегенде 80%-ның көлігі жоқ екенін ұмытпау керек. Олар қалыпты қоршаған ортада өмір сүріп, таза ауамен тыныстуға құқылы, – деп атап өтті Бектібаев.
Сонымен қатар ол утильалым болмағанда ЕАЭО-дан автокөліктер бақылаусыз ағылар еді, себебі елдер арасында кедендік шекара жоқ және жеке тұлғалар ҚҚС төлемейді деген пікір айтты. Бұл ретте утильалым тек тежеуші функция ретінде қарастырылып отыр.
Фото: интернеттен