Алматы облысында бір ауыл сусыз отыр

Алматыға іргелес Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылында ауызсу тапшылығы жылдар бойы шешімін таппай келеді.
20 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі бар болғанымен, техникалық жағдайы сын көтермейді. Құбырлардағы қысым тым әлсіз. Кейбір көшелерге мүлде су жетпейді. Тұрғындар тіршілікке қажетті суды түнгі уақытта ыдыспен жинап, күнделікті шаруаларын соған бейімдеуге мәжбүр.
Қала іргесінде отырсақ та, суды шелекпен тасимыз. Көбіміз құдықтан ішеміз. Жерден 13–14 метр тереңдіктен алынған судың сапасы нашар. Тұнбасы, иісі бар. Мұндай суды ішу түгілі, кір жууға да келмейді. Құбыр тартылғанымен, қысым жоқ. Су тек түнде сыздықтап ағады. Қазір ауылдың тек 20 пайызы ғана орталықтандырылған сумен қамтылған. Біз Қаскелең топтық су құбыры жобасына да кірмейміз. Қазір суды «BeyAzhTrans» ЖШС мен «Таусамалы-Қызмет» МКК жеткізіп отыр. Бірақ олардың ұңғымалары әлсіз әрі тозған. Осы мәселені шындап көтеру үшін AMANAT партиясының Мәжіліс депутаттарын арнайы шақырттық. Олар келіп, халықтың жағдайын көріп отыр, - дейді ауыл тұрғыны, ардагер Егінбек Егеубеков.
Тұрғындармен жүзбе жүз сөйлесу үшін мәжіліс депутаттары Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов Кемертоғанға барған.
Рожиннің айтуынша, бұл мәселе бір жарым жыл бұрын көтерілген. Сол жолы 20-дан астам түйткіл тіркеліп, соның көбі шешімін тапқан. Ал қазір Кемертоған үшін ең өзекті мәселе – таза ауызсуға қол жеткізу.
Қазір ауылда 4500-ден астам үй орталық су жүйесіне қосылмаған. Тұрғындар әртүрлі тарифпен, сапасы күмән тудыратын жеке ұңғымалардан су тұтынып отыр. Қажетті құжаттар мен жер телімі дайын. Енді басты мақсат – республикалық бюджеттен қаржы тарту. Бұл мәселе Үкімет қарауына ұсынылды. Премьер-Министр тарапынан бақылауға алынды. Бюджет нақтыланғанда қаржы бөлінуі тиіс, - деді депутат Максим Рожин.
Станция салынған жағдайда 20 мыңға жуық тұрғын ауызсумен қамтылады.
Фото: minber.kz


Ең көп оқылған
