Алматыда «Алатау» жаңа теннис орталығы ашылады

Алматының Алатау ауданында заманауи «Алатау» теннис орталығы ресми түрде ашылады. Шара қала күніне орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа орталық халықаралық стандарттарға сай салынған және ITF пен ATF деңгейіндегі республикалық әрі халықаралық турнирлерді қабылдай алады. Жалпы аумағы 5000 шаршы метрден асатын кешенде 4 жабық, 4 ашық қатты жабынды корт, 6 грунтты корт, трибуналар, фитнес-зал, медициналық кабинет, конференц-зал қарастырылған. Орталық күніне 400 спортшыны қабылдай алады.
Кешен кәсіби спортшыларды даярлаумен қатар бұқаралық теннисті дамытуға бағытталған. Табысы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін тегін топтар ашылады. Көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге жеңілдіктер ұсынылады, мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолжетімді жағдай жасалған.
Құрылыс 2020 жылы басталып, бастапқы мердігер тарапынан кешіктірілген. Кейін жоба «Теннис Академиясы» ЖШС-нің сенімді басқаруына беріліп, Қазақстан теннис федерациясының қадағалауымен аяқталды. Жалпы инвестиция көлемі – 1 млрд теңге.
Федерация соңғы 18 жылда спортты дамытуға 150 млн АҚШ долларынан астам қаржы салған. 2007 жылдан бері елде 38 теннис орталығы бой көтерді, ал «Алатау» – 39-шысы.
Фото: Алматы әкімдігі