«Боксты масқара еттіңдер»: Әлімханұлы әлем чемпиондарын айыптады

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өз дивизионындағы қарсыластарын сынға алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Qazaq Style лақап атымен танымал қазақстандық боксшы әлеуметтік желідегі жазбасында чемпиондарды жекпе-жектен қашып, атақтарын әділетсіз ұстап отыр деп айыптады.
“Чемпиондар, менің уақытымды сендердің артыңнан қуумен өткізе алмаймын. Сіздер боксты масқаралап жүрсіздер! Егер жекпе-жекке шыққысың келмесе, титулды неге ұстап отырсың? Мұндай қиын болады деп ойламаппын!” – деп жазды Әлімханұлы.
Айта кетейік, қазақстандық былғары қолғап шебері қазіргі таңда төрт негізгі белбеудің екеуін – WBO мен IBF титулдарын иеленіп отыр. Ал WBA нұсқасы бойынша чемпион – кубалық Эрисланди Лара, ал WBC белбеуі доминикандық Карлос Адаместің қолында. Соңғысы Әлімханұлымен келіссөз жүргізгенімен, жекпе-жек ұйымдастыруға келісе алмады.
Фото: әлеуметтік желі